Қостанай көгінде шабытты жырлар қалықтады
Қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қостанай шаһарының 135-жылдығына арналған «Қостанай – шабытымның бұлағы» атты алғашқы ақындар фестивалі өтті.
Бұл игі шараға облыс әкімі Нұралы Садуақасов қатысып, сөз өнері шеберлерінің өлеңдерін тыңдап, сүйсініп, өзі де сүйікті ақындарының бір өлеңін мәнерлеп оқып берді.
– Бұл жақсы бастама екен. Қашан да барлық өнердің алды – сөз өнері болған. Оны Сіздер менен жақсы түсінесіздер. Бүгінгі қала күні құрметіне арналып, ұйымдастырылып отырған игі істеріңізге сәттілік тілеймін,– деп Нұралы Садуақасов өзінің әлі де бірнеше нысандарды аралайтындығын жеткізіп, келесі нысандарға асыға жол тартты.
Өнер фестивалі одан әрі жалғаса түсті. Әр дәуірдегі поэзия өкілдерінің: Абай Құнанбаев, Александр Пушкин, Мәриям Хакімжанова, Анна Ахматова, Мұқағали Мақатаев, Белла Ахмадуллина, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсыновалардың образы бейнеленіп, өлеңдері оқылды.
Содан соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ғалым Нағашыбай Мұқатовтың 65 жас мерейтойы қарсаңында дәл осы поэзия фестивалінде кітаптары оқырманға таныстырылып, жырлары оқылды.
Шаһардың орталық демалыс саябағында өткен бұл шараға халық көп жиналды. Рұқсат сұрап бірінен соң бірі өлең оқып, поэзия туралы ой-пікірлерін жеткізіп, мәдени шараның көрігін одан әрі қыздыра түсті. Қала тұрғындары сахнаға көтеріліп, осы мәндес, мағыналас игі шаралар жиі-жиі өтіп тұрса деген тілектерін де айтты.
Нұрболат Мешітбаев
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Қала күнінен түсірілген суреттерді осы жерден көре аласыздар