Шабындықта шүйгін шөп
"Қыстың қамын жаз ойла" деген қағиданы әсте есте сақтайтын ауыл еңбеккерлері биыл да жылдағы кестесінен жаңылмай маусымның белортасынан бері қысқа мал азығын дайындау науқанын тыңғылықты жүргізуде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Жангелдин ауданында ірі қара, қой-ешкі барлығын есептегенде 48966 мал басы бар. Осыған қажетті бір жарым жылдық қорға 134 мың тонна шөп дайындау керек. Бүгінгі таңда 55 мың тонна шөп тасымалданып дайындалды.
Облыстық су шаруашылығы басқармасының мамандары қыста түскен қардың мөлшеріне орай биылғы көктемде Торғай өңірінде су тасымайды деп болжам айтқан болатын. Бірақ бұл болжам расқа шықпады. Су тасқыны Торғай жерінде ойдағыдай болды. Әсіресе Қабырға, Торғай, Жыланшық, Қоңыраулы өзендері халықтың күткеніндей-ақ тасыды. Жоғары шығыс жақтан Жалдама, Қараторғай, Сарыторғай өзендері де жылдағы деңгейден көп кемерінен асты. Торғайдың шабындық жерлерін түгел қамтыды деп айтуға болады. Бір қуаныштысы, Торғай бойынша тасыған су Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының да біраз шабындықтарына жайылды. Осы ауданның бұрын су жүрмеген көп ауылдарына су жайылды. Міне, соңғы кездері Ұлытаудан бастап тасыған судың Ырғызға жетпей қалуын ақтөбеліктер Торғай өңірінің Қабырға өзенінің бойында орналасқан "Албарбөгет" бөгеті кедергі жасап тұр деген күдіктері сейілгендей. Әсіресе, су жетпейтін шалғайда жатқан біздің ауданның Ақшығанақ ауылына да ойдағыдай су түсті. Көп жылдар бойы құрғақшылықтан қурап қалған шабындық жерлер бүгінде жайқалып, малдың да ырыс-несібесі молая түсті.
"Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" демекші, шілденің қырық градус ыстығына қарамастан ауданның шаруа қожалықтары шөп орағы науқанын қарқынды жүргізуде. Биылғы берекелі маусымға орай Аманкелді ауданының әкімі А.Кенжеғарин бір жарым жылдық жем-шөп қорын жасау туралы ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берді. Ал, ауыл еңбеккерлері тілсіз жау – өрт сияқты төтенше жағдайлардан аман болсақ, ойлаған межеден шығамыз деп уәде беріп отыр.
Рәш Әбішева
Жангелдин ауданы.