“Келешегі жоқ ауыл” қолдан жасалды
Өткен жылдың 13-ші наурызы күнгі «Егемен Қазақстан» газетінің 50-санынан Қостанай облысының құрметті азаматы, киелі Торғай өңірінің төл перзенті, бүгінде абыз Ақсақалдар қатарына қосылған, ауыл жанашыры Кәкімжан Карбозов ағамыздың «Келешегі жоқ ауыл болмауы керек» атты көлемді мақаласын оқыдым. Осыған орай бүгінде сыртта жүрсем де сол ауылдың бір тумасы ретінде мен де өз ойымды ортаға салып, пікірімді білдіре кетуді жөн көрдім.
Жоғарыдағы аға сықылды мен де саналы ғұмырымды ауылда өткіздім, зейнет жасына жеткенше сол туып өскен ауылымның дамып, өркендеуіне атсалысып, қал-қадірімше қызмет еттім. Осы күні жәй есептеп отырсам, ауылдағы еңбек өтілімнің жалпы жиынтығы 47 жылды құраған екен. Қарапайым жұмыскерден, механизатор, шопан, зоотехник және партия, кеңес қызметтеріне дейін көтеріліп, Тәуелсіздік жылдары Аманкелді ауданының барлығы төрт ауылында 17 жылдай ауыл әкімі болып, зейнетке шығар алдындағы кейінгі үш жылымда аудан орталығында село әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Сол үшін де ауыл маған ерекше ыстық және жаныма жақын. Мен сол уақытта ауылдағы әр іргесі көтерілген нысандарға қалай қуана білсем, керісінше әр қураған талына солай қапалана білдім.
Бәрінен бұрын менің жанымды ауыртатыны, кезіндегі қаншама жылғы маңдай тер, адал еңбекпен құрылған ауылдарды әпсәтте біздер үшін түсініксіздеу болған жекешелендіру саясатының құрбанына айналдырғанымызға әлі де сене алар емеспін. Осының нәтижесінде ауданымыз бойынша кезінде Бірәлі байдың мыңғырған 3000 жылқысын төскейіне өргізген Рахмет ауылы, жайылымдық жерлерінің құнарлығы сондай, жылдың қай мезгілі болмасын, бауырлары жер сызған, қазақы қойларын соя қалсаң, бүйрек майлары ақтарылып түсетін Әліби ауылы, іргесін күректің ұшымен түртіп қалсаң, мөп-мөлдір бұлақ көздерінен суы атқылап, жаны мен малының кәусарына айналған Қайнар ауылы, аумағындағы қалың әрі төңкерме шабындығы бір ауданның малына жетіп артылатын Шөптікөл ауылдары бүгінде айра-жайра. Аратұра жол түсіп сол өңірлерге барып қайтқан сайын, олардың осы күйлерін көріп, «шынымен осы кешегі бір таңын бір таңға қосып қым-қуат, тіршілігі қыз-қыз қайнаған ауылым ба?» деп жүрегімді ауыртып ораламын.
Жә, сонымен енді негізгі айтар ойыма қарай ойысайын. 1996 жылы тамыз айында Алматы қаласындағы Ленин атындағы сарайда (қазіргі Тәуелсіздік атындағы сарай) барлық деңгейдегі әкімдердің алғашқы республикалық кеңесі өткізілді. Осы кеңеске сол уақыттағы Торғай облысының әкімі В. Брынкин бастаған бір топ аудан және ауыл әкімдері қатынастық. Жиынды сол кезеңдегі тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ашып, экс Премьер- Министр Ә.Қажыгелдин баяндама жасады. Баяндама оқылып біткеннен кейін жарыс- сөзге көштік, біздің ауданнан сол уақыттағы Байғабыл ауылының әкімі Ж.Түбекбаев (кейіннен Аманкелді ауданының және Арқалық қаласының әкімі болды) сөйледі. Жомарт өз сөзінде сол кезеңдердегі ауылдарды қалай дамыту жөніндегі ой, тұжырымдарын нақтылы мысалдармен келтіріп, алдағы атқарылар ауқымды міндеттеріне тоқталды. Шамасы, оның тұшымды сөзі Президентке ұнаған болу керек, ол кісі Жомартқа араарасында сауал тастап отырды. Үзіліс уақытында фойеде институтта бірге оқыған шымкенттік бір досыммен ойда жоқта кездесіп қалып, шұрқырасып тұрғанымызда, біздің жанымызға Н.Назарбаев пен Ж.Кәрібжанов екеуі әлдебір мәселемен ақылдасқан қалпы тұспа-тұс келіп қалды. Жалма-жан екеуміз де, «Ассалаумағалейкум, Нұр-аға!» деп, қол алысып амандастық. Ол кісі іле бізге, «Қалдары қалай, қай өңірдің азаматтарысыңдар?» деді. Мен «Жаңағы жарыссөзде сөз сөйлеген Жомарттың елі Торғай облысынанмын» дедім. Ол, «Ә, жарайды, Жомартың жақсы сөйледі, сөзінің аяғында ол бізден ауылдарға қаржы бөлуімізді сұрады, оған сендер не дейсіңдер?» деген соң, мен батылданып кетіп, «Аға, ол әріптесіміздің пікірін қолдаймыз, нақ қазіргідей уақытта біздерге сәл демеу жасап жіберсеңіздер, әрі қарай әкете алмасақ, бізге серт» дедім. Ол кісі күліп жіберіп, «жақсы, жақсы» деді. Сол жиыннан келісімен Алматыдан үкілеп келген үмітімізді оятайық деген ниетпен бірнеше ауыл әкімдері жиналып бір күні аудан әкіміне кірдік. Әңгімені төтесінен қойып, «Осылай да осылай, мынау совхоз директорларының бет алыстары қатты, қолдағы бар мал-мүлік, техникаларын айырбасқа жіберіп жатыр, олар ертең кетеді, ауылда қарапайым халықпен біз қаламыз, сондықтан біздің есебімізге осылардан заңдастырып бірқатар ауылшаруашылық техникалары мен автокөлік бергізіңіз, біз солармен тұрғындардың отын-су , малдарына жем-шөп дайындап беру және аудан орталығымен тұрақты қатынас орнату мәселелерін шешейік» дедік. Өкінішке қарай, бұл әңгімеміздің басы «иә, бәсемен» басталып, көп ұзамай аяғы «қой, болдымен» тәмамдалды. Ал ауыл халқы сол кезеңдерде не істерін білмей бастары дал болып жүрді. Кеңес дәуіріндегі «дайын асқа тік қасық» үйреніп қалған халыққа жаңа заман талабы алғашында ұнай қойған жоқ. Дегенмен, біздер, көзі қарақты, қолынан іс келеді-ау деген ауыл азаматтарымен жеке-жеке түсінік әңгіме жүргізіп, жеке шаруа қожалықтарын ашып, немесе шағын кәсіпкерлікпен айналысып, ауылды сақтап қалу қажеттігін естеріне ұдайы салып отырдық. Үкіметтен қолдау болатындығын да жасырған жоқпыз. Бірқатар ауылдарда бұрынғы совхоз директорлары елжандылық танытып, ауылдарын ыдыратпай, жеке шаруа қожалықтарын құрып, шама-шарықтарынша еңбек етті. Солардың бастамасы негізінде жекелеген ауыл азаматтары да өздерінің кәсіптерін аша бастады. Алайда, сол кезеңдерде үкімет тарапынан мардымды қолдау болмады, көптеген бастамалар аяқсыз қалды. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» дегендей, кейбір ой-өрістері таяз, парықсыз шаруашылық басшылары өз ауылдарын әп-сәтте тоз-тоз етіп, онысымен қоймай әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық ғимараттарды өз аттарына меншіктеп алып, кім көрінгенге күлкілі бағаға сатып жіберді. Мысалы, өзім жақсы танитын ел азаматтары сол нысандарды небәрі 3-5 және 10 мың теңгеге сатып алып, бұзып әкетті. Аудан үшін тарихи мәні зор Кемер елдімекеніндегі бұрынғы іргелі мектеп-интернат «село орталығындағы мектептерге қазан пештік үйлер саламыз» деген желеумен қолдан бұзылды. Сөйтіп, ауылдардың іргелері біртіндеп сөгіле бастады, жұмыссыздық көбейді, жастар лек-легімен қалаларға жөңкілді. Балабақшалар мен дәрігерлік пункттер, кітапхана, клубтар қаражат тапшылығынан жабылды. Тек мектептерді ғана жоқтан бар жасап әзер ұстап тұрдық. Оның өзінде әр отбасы көшкен сайын жоғары жақтан, «бала саны аз, мектептеріңді жабамыз немесе бастауышқа ықшамдаймыз» деген ызғарлы лептер естіле бастады. Сөйтіп, ауылдарды байыбына бармай өз қолымызбен қожыраттық. Кейін уақыт өте келе ойлап отырсам, бұл дүниеде қолдан жасалған қиянатты қайта қалпына келтіруден асқан қиындық жоқ екен. Бертінде «Ауылым – алтын бесігім», «Ауыл – тіршіліктің қайнар көзі» деп ұрандата отырып, «Ауыл» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы негізінде үкімет қаржы бөлгенімен, олары теңіздің тамшысындай ғана ықпал етті. Иә, Кәкімжан ағамыздың жанайқайын түсінуге болады, ол кісінің кіндік қаны сол туған жеріне тамғандықтан шыр-пыры шығуы өте орынды. Бірақ онысын естіп, ұғынып, сезініп жатқан жоғары жақтан құлақ бар ма десеңші.
Менің бір қайран қалатыным, біздің қазақта бір істің кетеуін әбден кетіріп барып, яғни боларын болдырып, бояуын сіңдіргеннен кейін қайтара өкінішпен, «Ойбу-у-у, солай екен ғой» дейтін дүмше түсінік бар. Әйтпесе, осы ауыл мәселесі, ауыл тағдыры туралы алаңдаушылық әңгіме Тәуелсіздік алғанымыздан бері «көні кепкен тулақтай» айтылып-ақ келеді. Бірақ, нәтиже сол «баяғы жартас бір жартас» күйінде қалуда, өте өкінішті және кешірілмейтін қателік. Осы күні «келешегі жоқ ауыл» деген сөзді жадына мықтап тоқып алған кейбір аудан басшылары, қарамағындағы ауылдарының бірінің халқы азайып қалса, жерден жеті қоян тапқандай, оның себеп-салдарына бастарын ауыртпай-ақ, келесі бір көршілес ауылға қосақтай салады. Тағы бір айта кетер мәселе, бізде жоғарғы жақтан келген нұсқау, тапсырмалар толыққанды жүзеге асырыла бермей, сөзбұйдаға салынады. Ұмытпасам, сонау 2009-шы жылдан бері, «әр ауылдық округ әкімдерінің есеп шоттарына ауылдарын дамытып, көркейту үшін бюджеттен қаржы бөлінеді, өз аумағындағы салық төлемдері өздеріне аударылып игеріледі» деген уәж кейінгі бір-екі жылда ғана жүзеге асып жатқан көрінеді.
Сөзімнің соңында айтарым, меніңше «келешегі жоқ ауыл» жоғарыдағы келтірген мысалдарымның сыртында осындай берекесіздік пен көп сөз және құрғақ уәделерден сөйтіп келешегі жоқ ауыл қолдан жасалынған. Кәкімжан аға дұрыс айтады, келешегі жоқ ауыл болмауы керек.
Сайлаубек Сәйділдаұлы,
зейнеткер, бұрынғы мемлекеттік қызметкер.
Нұр-Сұлтан қаласы.