Еңбегі ерек, еңсесі биік Шолақсай

Науырзым ауданының Шолақсай ауылы – еліміздегі тарихы терең елді мекендердің бірі. Осыдан 122 жыл бұрын іргетасы қаланған, қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген ауылдың атағын ел бұрыннан біледі, игі істеріне де жұрт қанық.  Дегенмен ауылда көпшілік біле бермейтін жаңалық та, айта отырар игі істер де көп екен. Оған осы елді мекенге барып қайтқан тілшілер куә.
 
Ер – туған жеріне
Сонау нарық жылдары білікті басшы, дарынды ұйымдастырушы Өмірзақ Ихтиляпов бастаған ауылдықтар шаруашылықты сақтап қалмағанда, Шолақсай да көп елді мекендердің кебін киіп, ыдырап кетер ме еді. Өмірзақ Бекділдәұлы осындай қажырының арқасында бүгінгі таңда республикамызға танымал белгілі кәсіпкер, меценат, ауыл шаруашылық саласының үздігі атанды. Шаруашылық басқара жүріп, ұлы Мәдиді де осы салаға баулыды. Бүгінде Мәди Ихтиляповтың әке жолын жалғап, Шолақсайды одан әрі көріктендіріп отырған жайы бар.
–Туған жерін түлету – әр қазақстандықтың қасиетті борышы. Біз де ауылдың байырғы тарихи келбетін сақтап, бұрыннан қалыптасқан үрдіспен жұмысымызды жалғастырумен қатар, жаңашылдық көшінен қалмауды мақсат еттік. Өзім осы ауылда тудым, өстім, ержеттім. Онда неге өзім туған жерді түлетуге үлес қоспасқа. Әу баста әкем басшылық етіп жүргенде мен оқу орнын бітіріп келген жас маман едім. Мектепке дене шынықтырудан сабақ беріп жүрдім. Шынымды айтсам қалаға кетем деген ой да болды. Бірақ әкемнің әр ісін, әр қадамын көріп, көпті үйрендім. «Әке көрген оқ жонар» демекші, менің тәлімгерім де – әкем. Осы іске мені теліп жүріп, 2012 жылдан бастап түбегейлі шаруашылықты сеніп тапсырды. Сырттан қарағанда бәрі әдемі, бәрі оңай болып көрінеді. Ал шындығында әр адаммен жұмыс істеу оңай емес. Өз ауылыма жаным ашыды. Өзім бас болып ауылда отырмасам қалай болады? Қалада отырып басқару деген жай сөз. Өзің ортасында жүріп, әр іске бас-көз болу қажет. Қай істе де тәртіп керек. Осынша еңбекпен әкеден келген дүниені қалай тастайсың. Егер мен бәріне қол сілтеп қалаға кетіп отырсам ол менің тәрбиесіздігім болар еді. Сондықтан қазір қолдан келгенше бар істі істеп жатырмыз. Ауылымызға жас мамандарды тартып, оларды баспанамен қамтып, одан кейінгі жағдайына қарайласатын болсақ, онда олар ауылда тұрақтап қалатыны сөзсіз. Әрі жас ұрпағымыздың білімді, жан-жақты болып өсуіне зор ықпал жасаған болар едік. Егер әр елдімекеннің басында жүрген азаматтар өз жұртына осылай қамқорлықпен қарайласатын болса, онда ауыл іргесі сөгілмес еді. Сол себепті, шаруашылық жұмыстарын да, әлеуметтік саланы да қатар алып жүруіміз қажет, – деп ойымен бөлісті Мәди Ихтиляпов.
IMG-20191024-WA0158
 
Көрікті ауылдағы көрнекі істер
Бірлігі жарасқан Шолақсай ауылында бүгінде 320-ға жуық үй түтін түтетіп отыр.  Ауылдағы мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік-амбулаториялық пункт, намазхана, дәріхана, тойхана сияқты барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Олардың денінің жауапкершілігі шаруашылықтың мойнында. Қай елді мекеннің болмасын, басты проблемасы ауыз су мен жол мәселесі ғой. Шүкір, Шолақсайда ауыз судан проблема жоқ. Былтыр “Ақбұлақ” бағдарламасының арқасында ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылып, бүгінде ауыл халқы таза әрі сапалы су ішіп отыр. Бұған облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлініпті. Ал, жол мәселесіне келсек, екі жыл бұрын облыс бюджетінен 47 млн теңге бөлініп ауылға кіре беріс 2 шақырым жол жөнделген көрінеді. Бірақ, сапасыз жөнделген шұрық-тесік жол бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен қайтадан жамап-жасқалуда. Айта кетер жәйт, осыған дейін Шолақсайдағы балабақшаға ғимарат ішінен от жағылып, жылытылып келген еді. Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл тамыз айында бөбекжай сыртына жаңадан модульді қазандық салынды. Оның құрылысына серіктестік демеушілігімен 15 миллион теңге жұмсалыпты. Айта кету керек, бұл Науырзым ауданы бойынша ғимарат сыртында салынған үшінші жеке жылыту қазандығы.
Жылыту қазандығының жұмысы бір адамға жүктелген. Балабақшада от жағушы болып сегіз жыл істеп келе жатқан Владимир Вовченко жаңа қазандық көп шаруаны жеңілдетті дейді. Айтуынша, автоматтандырылған әрі сору құрылғысы қойылған, жаңа технология бойынша жасалған моторы, ауа тартқышы бар заманауи қондырғы отынға да үнемді екен. Көмірді пешке уақытымен салып отырсаңыз болғаны. 
Ауылдағы мұражайдың да өзіндік орны бар. Серіктестік басшылығы осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы ескі ғимараттардың бірін жөндеуден өткізіп, ішін құнды экспонаттармен толтырды. Қазір бұл жер қатталған тарихи жәдігерге толы. Ертеректегі тұрмыстық бұйымдар, суреттер, ауылдан шыққан белгілі тұлғалардың есімдері дейсіз бе, бәрі бар.  Тарихи елді мекеннің шежіресі де осы мұражайда сақтаулы.
Ауылдық мәдениет үйінде орналасқан ауыл кітапханасы да заманауи үлгіде жабдықталған. Интернет желісіне де қосылған, кітап қоры да жеткілікті, ауыл тұрғындарының кез келген ақпаратқа қол жеткізуіне мол мүмкіндік бар. Былтыр аудан бюджетінен қаражат бөлініп, кітапхана іші жаңа жиһаздармен жабдықталды.
Шолақсайда цифрландыру шаралары да жақсы жолға қойылған. Биыл серіктестік 5 млн теңге бөліп, ауылдағы әлеуметтік нысандарға барлығы 64 бейнебақылау камераларын орнатыпты. Мәди Өмірзақұлының айтуынша, бұл барлық жұмыстың кестеге сай әрі сапалы жүргізілуіне үлкен сеп.
DSCN5138
 
Биылғы орақ мардымсыз, келер жылдан үміт бар…
Кәсіпкер ауыл халқына қолдан келгенінше жәрдемдесуге тырысады. Қыста отынын, күзде жем-шөбін береді. Әрине, мұның барлығы да тұрғындардың игілігі үшін. Сондай-ақ, серіктестік бүгінде ауыл тұрғындарының тең жарымын жұмыспен қамтып отыр. Осы күні шаруашылықта 430 адам еңбек етуде. Орташа жалақы 76 мың теңге. Оның сыртында күзгі егіннен алар үлес те, шаруашылық тарапынан жасалатын көмек те аз емес. Биыл шаруашылық 18 мың гектар алқапқа дән сеуіп, күзгі орақ науқанын аяқтап та қалды. Бірақ жылдағыдай емес, күзгі жиын-терім көңіл көншітпей отыр. Өйткені, биылғы аптап ыстық пен жауынсыз жаздың кесірі шолақсайлық шаруаларға да оңай тимеді. Егін де, шөп те болмай тұр.
– Астықтан жылда тәуір өнім алатынбыз. Бірақ биыл жағдай мүлде қиын болатын түрі бар. Биылғы егіннің жайы мәз емес. Жаз өте ыстық болды. Жауын шашын болмады. Біраз жылдан бері мұндай жағдай орын алмаған шығар, шын мәнінде төтенше жағдай деуге болады. Гектар айналымы 3 центнерден асып жатқан жоқ. Былтырғы жылы 6-8 центнерден болған еді. Бұл менің тәжірибемдегі ең ауыр жылдың бірі. Шөп те жоқ, егін де жоқ. Соған қарамастан шөптің тоннасын халыққа 4 мыңнан беріп жатырмыз. 1600 тонна көмір алдық, тоннасы 11 мың теңгеден. Бұл жылдан да ақырындап шығармыз. Елге шөп, көмір түсіріп берсек, қалған егінді шашау шығармай қамбаға түсіріп алсақ, өз күшімізбен бұл жылды да артқа қалдырамыз. Ең бастысы халықтың қамы,– дейді «Шолақсай-1» ЖШС басшысы Мәди Ихтиляпов.
Былтыр Шолақсай қырманында астық сұрыптау-кептіру кешені салынды. Жаңа құрылғының құны 21 миллион. Бұрынғы астықты аударып-кептіретін қондырғы әбден ескіріп, көп шаруаға кедергі болып келіпті. Ол кезде тәулігіне 80 тонна дән тазалап келген екен. Ескі қондырғыда жұмыс өнбейді. Ал қазіргі жаңа кешеннің қуаттылығы 200 тонна. Бұл қырманда жұмыс істейтін 20 адамның жұмысын жеңілдетіп отыр. Тез арада сұрыпталып, кептірілген бидай осы жерден элеваторға жөнелтіліп жатыр.
Айтпақшы, Шолақсайда нанның бағасы қашанда төмен болатын. Еліміздегі ең арзан нан – осы ауылда еді, бұл жолы да солай екен.  850 грамдық бір бөлкенің бағасы – 50 теңге.
DSCN5155 DSCN5125
 
Ескі мәдениет ошағы жаңарды
Бұрын мәдениет үйінің жағдайы сын көтермейтін. Былтыр төбесінен су ағып, есігіне қара құлып тағылған мәдениет ошағының тамырына қайта қан жүгірді. Аудандық бюджеттен 3 млн теңге, серіктестік 5 млн теңге қаражат шығарып ғимаратқа толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 200 орындық мәдениет үйінің іші жарқырап тұр. Біз келерден бір күн бұрын ғана облыстық филармонияның әртістері келіп, жаңарған мәдени ошақта елге концерт беріпті.
–Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген соң бәрі жаңарып, жақсы болып қалды. Концерт залы, арнайы кабинеттер бар. Қазір мұнда 3 маман жұмыс істейміз. Қандай да бір мерекелік кештер болса өзіміз ән айтып, би билеп, кештің шырайын келтіреміз. Өзім осы жақтың тумасымын. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының жанынан ашылған театр курсын бітірген болатынмын. Енді ауылда еңбек етудемін. Бір айтарым, бізге әлі де мамандар қажет. Балаларға арналған волкал, би сияқты түрлі үйірмелер болса деймін. Мысалы, домбыра үйірмесі ашылса, ауылда оны үйретер маман бар. Бізге ауданнан штат бөлінбей отыр. Театр үйірмесін ашсам деген жоспарым бар. Ауылда бар жағдай жасалған. Су бар, мешіт, асхана, мектеп, балабақша, жұмыс бәрі бар. Ал кез келген мәдени іс-шараны өзіміз ұйымдастырамыз. Бірақ, осындай шараларға қажетті қаражат мәдениет басқармасынан бөлінсе екен,  – дейді мәдениет үйінің жетекшісі Эльмира Қалиева.
DSCN5121
 
Имандылық ұясы
Шолақсай ауылының мешіті бүгінгі таңда халықтың рухани ордасына айналған. Ғибадат үйі ғимаратының салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болыпты. Оны өткен ғасырдың басында жергілікті халық Науырзым қарағайынан тұрғызған. Нысан 1904 жылы  мектеп қызметін атқарған. Бір қызығы, бұл білім ошағында ауыл жанашыры Өмірзақ Бекділдәұлының әкесі де, өзі де білім алған көрінеді. Сондықтан ескіріп, құлауға шақ қалған бұл ғимаратты бертінде серіктестік басшысы жөндеуден өткізіп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген. Сырты қызыл кірпішпен қапталып, әжептәуір әдемі кейіпке еніп отыр. Қазір мұнда 400 адамға дейін сыяды.
Ғимараттың мешіт болғанына он жылға таяпты. Екі жыл бұрын мұнда “Жасыл технология” бойынша алты бөлмеге 49 электрлі жылыту жүйелері қойылған. Павлодардан алдырған қондырғыны арнайы мамандар келіп орнатыпты. Бұған 3 млн теңге қаражатты серіктестік өз қалтасынан шығарған. “Жылуды үнемдеу мақсатында қажет кезінде ғана қосып, күн жылы да өшіріп қоюға тиімді”, – дейді «Шолақсай-1» ЖШС директоры Мәди Ихтиляпов.
Намазхананың құлшылық ету залы, ас әзірлейтін, тамақтанатын бірнеше үлкен бөлмелері бар. Едені де, қабырғалары да кілеммен көмкеріліп, жайнап-ақ тұр.
– Діни мейрамдардың бәрі осында өтеді. Жаназа намазы, айт мерекесі, ас-садақалар осында беріледі. Әрине, мешіт құран оқытып, садақа беріп, жаназа шығаратын орын емес, ол ең алдымен – халықтың рухани ордасы. Биыл балалардың жазғы демалысы кезінде діни сауат ашу курсын өткіздік. Имандылық сабақтарын осылайша жылда өткізу жоспары да бар, – дейді мешіт имамы Сержан Біркемелов.
 
Мектеп – ауылдың айнасы
Бүгінде Шолақсай орта мектебінде жүз отыз бала білім алуда, мұның сыртында даярлық тобында жиырмаға жуық жеткіншек тәрбиеленуде. Оқушыларды 34 мұғалім білім нәрімен сусындатуда. Шалғайдағы ауыл мектебінде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектеп ұстаздары оқыту үрдісінде жаңа технологияларды қолданып, заман талабына сай білім беруде. Нәтиже де жоқ емес, екі жыл қатарынан аудан бойынша “Алтын белгіге” ие болған Парвиз Мамедов, былтыр «Алтын белгі» алған Ольга Голова, Дамира Ермағамбетовалар осы Шолақсай орта мектебінің түлектері. Қазір үздіктер Қостанай мемлекеттік университетінде бухгалтер-экономист және лингвистика мамандығы бойынша білім алып жатыр. Биыл да екі оқушы “Алтын белгіге” үміткер көрінеді. Ауыл мектебі 100 пайыз кең жолықты интернетпен де қамтылған. Биыл мұнда робототехника кабинеті ашылыпты. Роботтарды құрастыру, бағдарламалау жиынтығы балалардың дамуына мүмкіндік беруде. Бүгінде Шолақсай орта мектебінің ұжымы жас ұстаздармен толығып келеді.
-Биыл қатарымыз 7 жас маманмен көбейіп жатыр. Олар Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының 4 курс студенттері, дуалды жүйе бойынша қазір біздің мектепте тәжірибелерін ұштастыруда. Бұл жүйенің берері мол, болашақ маман практикадан өтіп қана қоймайды, оларға жалақы да төленеді. Келер жылы дипломдарын алған соң, бәрі де осында келеміз деп отыр. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша да келген бір жас отбасымыз бар, екеуі де мұғалім. Шаруашылық басшысы Мәди Өмірзақұлы жас мамандардың бәрін пәтермен қамтамасыз етіп, оларға тегін отын да түсіріп берді. Қазір кадр тапшылығынан проблема жоқ, барлық мамандар жеткілікті. Жалпы, мектебіміздің материалдық-техникалық базасы жақсы жабдықталған, 6 арнайы пәндік кабинетіміз бар. Биылғы оқу жылында аудандық бюджеттен робототехника кабинеті іске қосылды. Тағы бір жаңалығымыз, биыл облыс әкімінің тапсырмасына орай жаңадан жылу қазандығы салынды. Оқулықпен де 100 пайыз қамтылған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан бес оқушы тегін тамақтанады. Біздің де басты мақсатымыз – бәсекеге қабілетті маман дайындау, сондықтан бұл жолда ауыл мектебінің ұжымы да аянбай еңбек ете бермек, – дейді мектеп директоры Жұмабике Нұрсейтова.
 
Жас мамандар – Шолақсайда
Бүгінде жұрттың сенімінен шыққан «Серпін» бағдарламасының арқасында өңірімізде мамандар тапшылығы аз да болса жойылып, сирек кездесетін мамандықтардың орны толтырылуда. Мұның сыртында оңтүстік секілді таза қазақы ортада тәрбиеленген жастарды өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерге тартудың арқасында жергілікті халықтың да үлес салмағы артып, мемлекеттік тілдің дамуына да зор ықпал етуде. Бұл бағдарламаның  негізгі бағыты да осы, яғни елдегі маман тапшылығы мен жұмыс күшінің төмендігін жою. Бүгінде Қостанай облысында да “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер қатары көп. Әсіресе, Шолақсай ауылына келіп, еңбек етіп жатқан жастардың тірлігі көңіл қуантарлық. Биылдың өзінде Арқалық педагогикалық институтында аталмыш бағдарлама бойынша білім алып жатқан жеті бірдей жас маман осы ауылға ат басын тірепті. Оқу орнының төртінші курсында білім алып жатқан бұл жастар дуалды жүйе бойынша тәжірибеден өтуде. Бір жақсысы, олар тәжірибеден өтіп қана қоймайды, кәдімгі маман тәрізді еңбек етіп, жалақы да алады. Жас мамандарға серіктестік басшысы Мәди Өмірзақұлы ауылдағы бос тұрған төрт бөлмелі үйді жөндеп, жатақхана етіп бар жағдайды жасап берген. Пластик терезелер орнатып, әжетхананы да ішке кіргізіп беріпті. Қысқа жететін отын да түсіріп берген. Тек, от жағады демесеңіз, жастар қаладағылардан кем өмір сүріп жатқан жоқ. Бәрі бір үйдің баласындай тату-тәтті, үй шаруасында да өздеріне тиесілі міндетті де бөліп алған. Мәселен, жігіттер жағы от жағып, отын-су тасып, дала тірлігімен айналысса, қыздар үйдің бар шаруасын ұршықша иіріп отыр. Асты да бір дастархан басында отырып ішеді. Имандылыққа бет бұрған жастар жыл сайын ораза ұстайды екен. Былтыр ауылдағы ауыз бекіткен кісілердің басын қосып, ауызашар да беріпті.
DSCN5093
 
Нұрсұлтан ҚОЖАНЕПЕСОВ, жас маман:
-Мен Шымкентте психолог мамандығы бойынша оқыдым. Тарих мамандығы бойынша магистратура бітірдім. Түркістан облысының Жетісай қаласынан солтүстік аймақтарға қоныстану бағдарламасымен көшіп келдік. Ата-аналарымыз келіп, жағдайымызды көріп кеткен. Көңілдері толды. Өзім мектепте тарих пәнінен сабақ беремін. Қосымша балабақшада психологпын әрі ауылдың «Nur Otan» партиясы филиалында жұмыс істеймін. Былтыр шаңырақ көтердік. Жұбайым Салима «Серпін» бағдарламасымен келген болатын. Жас маман ретінде көтерме қаражат алдық. Бұған дейін басқа үйде тұрғанбыз. Енді міне, серіктестік атынан баспаналы болдық.
 
Ирина ПОПЕНКО, жас маман:
Осы өңірдің Буревестник ауылынанмын. Қостанай медициналық колледжін бітірдім. Ауданның бас дәрігері медицина маманы жетіспейді деп, мені осында жіберді. Дәрігерлік амбулаторияда фельдшер-акушер болып жұмыс істеп жүрмін. Облыс орталығынан шалғайда болсақ та, дәрігерлік амбулаториямызда қажетті барлық жағдай жасалған. Дәрі-дәрмектен де проблема жоқ. Өзім де ауылдан шыққан соң осындағы өмір ұнайды. Баспана берді. Барлық жағынан көмек алып отырмын.
Міне, осындай үлкен істерге бастама болған жас басшы Мәди Өмірзақұлының еңбегі көпке үлгі. Әке салған даңғыл жолмен жүріп, туған жерін маңдай терімен түлеткен кәсіпкердің берекелі ісіне бәрекелді дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓