«Шомбал дүниелерді» тұтына береміз бе?…

Біздің тұтынып жүрген жиһаздарымыз қандай? Тұрмыста ұстап-тұтынуға қаншалықты қолайлы? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелікші…
Қазір қай үйге барсаңыз да құдайға шүкір, иін тірескен жиһаздар табылады. Есіктен кірсеңіз атан түйе шөккендей алпауыт, шомбал дүниелерге көзіңіз түседі. Бір өкініштісі сол, олар тұрған орнынан күштемесең қозғалмайды. Зіңгіттей жігіттер ғана көтеріп, орнын ауыстыратын зілқаратас бірдеңелер…
Дамыған елдердің дүниесін көрсеңіз таңдай қағасыз. Мына адамдар қандай бақытты деп қызығасыз. Бір заты бірнеше функция атқарады. Сөресі үстел бола қалады. Столы баспалдақ бола қалады. Дивандары да жайылып жастық, иіліп төсек бола қалады. Қысқасы, қозғалысқа жеңіл, бір қалыптан екіншісіне ауысуы оңай.
Бір ғажабы сөресінде тұрған заттар сол күйі тұра береді. Екінші түрге енгізгенде үстіндегісін алып, жинастырудың қажеті жоқ. Өсіп тұрған гүліне, құмырадағы суына дейін төгілмей тұра береді. Мұны екінің бірі ғаламтордан болмаса теледидардан көргені кәдік…
Ал, енді біздің шеберлеріміз осы жаңашылдықты көрмей ме? Көрсе де көңіл бөлмей ме? Жасап жатқан жиһаздарын сол баяғы «соқыр көргенінен жазбас» дегендей топырлатып, бір сарынмен соғып жатыр. Тұтынушыға таңдау жоқ. Амалсыздан күнкөріс үшін алмағанда қайтсін?…
Иә, бүгінде не көп, жиһаз цехтары көп. Бірақ, шығарып жатқандары кеңес дәуіріндегі «инкубатордың балапандарындай» бір қалыптан шыққандай бірінен-бірі айнымайтын, тек түстері ғана әртүрлі мүліктер.
Оны өзгертуге не кедергі? Әлде, қосымша тетіктері жетіспей ме? Мүмкін, қажетті бұрандалары, серіппелері қат шығар. Әлде, фантазия жетіспей ме?…
Қарап тұрсаң әлгі «жаңашыл» деп айтқан дүниелерді жасаудың түк қиындығы жоқ. Ол бір басты қатыратын, жасалу жолы күрделі машина немесе компьютер емес. Әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ. Ұқсата білсең болғаны. Есесіне тұрмысқа қолайлы.
Әрине, әркім үйіне қажетті дүниені өзі жасап алмайтыны белгілі. Әр істің өзінің мамандары болады. Сол мамандар ойласса екен дейсің. Іс басында жүрген азаматтар да назар аударып, халықтың тұрмыс-тіршілігін оңайлататын осындай игіліктерге мұрындық болса құба-құп. Қашанғы ескі сарынмен, ештеңеге илікпейтін шомбал дүниелерді тұтынып жүре береміз?..
Мұрат Бекетұлы.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓