Жан-жақты, жігерлі

Өңірімізде мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз кәсібін ашқан жастардың саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – Наурызбек Бірмағамбетов. Ол биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, нәтижесінде органикалық тыңайтқыштар өндірісін ашуға 5 млн теңге грант ұтып алды. Жоба мамыр айында іске қосылмақ.
– Мен Федоров ауданы Шаңдақ ауылының тумасымын. Оқушы кезімнен биологияға әуеспін. Педагогикалық институтты бітіріп, Федоров ауданы Первомай ауылында төрт жыл биология мұғалімі болып жұмыс істедім. Балалардың осы ғылымға деген ынтасын арттыру мақсатында бизнес-идеяларды сабаққа енгізе бастадым. Сол кезде органикалық егіншілікпен тиімді айналысуға болатынын түсіндім. Сөйтіп, үш жыл бұрын Қостанайға келіп, «Jas project» жобалар байқауында бағым жанып, 1 млн теңге ұтып алған болатынмын, – дейді ол.
Жас та болса оның жеткен жетістіктері жетерлік. Мәселен, Федоров ауданында жылыжай ашып, сүйікті кәсібін бизнеске айналдырған. Жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүріп, студенттерді де осы іске баулығанын айтады. Сондай-ақ, 2019 жылы жас кәсіпкерлер арасында өткен республикалық лагерьде «Биогумус» жобасымен жеңімпаз атанып, сонымен қатар облыстық әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде оның бастамалары үздік деп танылған. Ол өз жобаларын халықаралық іс-шараларда да таныстырып жүр. Және де 2020 жылы Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына есімі енген болатын.
Қазіргі уақытта Наурызбек бастаған қостанайлық экобелсенділер бірегей кітапхана жасақтап жатыр. Олар жаңа жоба арқылы кеңсе қағаздарын қайта өңдеп, жүздеген кітап шығаруды жоспарлап отыр. Өнімді қалалық ұйымдардан жинауда.
– Бізге алғашқылардың бірі болып өңірлік университет және басқа да оқу орындары көмектесті. Пайдаланылған қағаздар болса, басқалардан да қабылдауға дайынбыз. Алдағы уақытта жерасты құрттарын пайдалану арқылы органикалық тыңайтқыштар өндіруді кеңейтіп, тағы да жылыжайлар ашқым келеді, – дейді Наурызбек Бірмағамбетов.
Оның бұған дейін тамақ қалдықтарын өңдеудің түрлі тәсілін ұсынған жобасы Наурызбекті біраз танымал етуіне өз септігін тигізген еді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓