Жобаның игілігі
Елімізде кәсіп ашамын деуші жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы шынайы құралға айналып отыр. Аманкелді ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерболат Жұмекеновтің айтуынша, 2020 жылы ауданда «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілетін 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттарға аудан бойынша құны 20,9 млн теңге болатын 5 кәсіпкер өз жобаларын қорғаған. Оның ішінде 2 жобаны жастар ұсынған.
Ұсынылған жобалардың ішінде облыстық комиссия тарапынан қолдау тауып, жас кәсіпкер Ерзат Дүйсеков көмек ретінде мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге ақша алып, аудан орталығынан «Pizza House» кафесін ашқан. Мұнда жеке кәсіпкер аудан тұрғындарына пицца, фри өнімдерін сатады.
– Мен Аманкелді ауданында дүниеге келдім. Аудан орталығында білім алып, кейін орта мектепті бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Экономика және Бизнес колледжін қызыл дипломға тәмамдадым. Және Тұран университетінде жоғары білім алдым. Бітірген мамандығым бизнес саласында болған соң өзімнің жеке бизнесімді ашу мақсатында ең әуелі аудандық әкімдікке барып жер алуға өтініш білдірдім. Нәтижесінде өз қаражатыма «Жастар» саябағының ортасынан кафе салып алдым. Келіншегім пицца пісіргенді ұнататын. Сөйтіп, ақылдаса келе жастар жағы сүйіп жейтін пицца өнімдерін дайындайтын кафені ашамыз деп ұйғардық. Және де «Nur Otan» партиясының бастауымен бизнес жоспар құрып, сертификат берілді. Бизнес жоспарымды сәтті қорғап, қайтарымсыз 505 мың теңге грантқа ие болдым. Ол қаражатқа кафеге қажетті керек-жарақтарды сатып алдым. Жалпы, кәсібімді ашуға көмек қолын созған аудан әкімі Әмірхан Асановқа алғысым шексіз. Кафені салып жатқанда да өзі келіп қадағалап отырды, – дейді Ерзат Дүйсеков.
Кафеде жастар сүйіп жейтін пицца, фри өнімдерін дайындайды. Сондай-ақ, сусынның да түр-түрі бар. Бағасы да қолжетімді. Қазіргі уақытта жас кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қазір өз кәсібіңді бастау және дамыту мүлдем қиын емес. Ең бастысы – ниет болса жеткілікті. Сондықтан жастарға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, өз бизнесін бастауға кеңес беремін. Алдағы уақытта осы кәсібімді одан әрі дамытып, ауданымызда тағы да бірнеше кәсіп түрлерін ашсам деген жоспарым бар, – дейді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, «Pizza House» кафесі таңғы 10-нан түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Алайда, еліміздегі індетке байланысты кафе тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеп тұр. Кафеде аудан тұрғындарының, жастардың емін-еркін отырып тамақтануына, әңгіме-дүкен құруына барлық жағдай жасалған.
Жас отбасы мұрат еткен істерін абыроймен атқарып, көпке үлгі болып отыр. Жас та болса бас болып, маңдай термен еңбек етіп кәсіп ашқан азаматымызға біз де сәттілік, табыс тілейміз.
Суреттер жеке мұрағаттан алынды.
Аманкелді ауданы.