Жаңа өнім – құйма қалақ

«ССКӨБ» АҚ-ның Жөндеу-механикалық зауыты жаңа өнім – құйма қалақтарды шығаруға көшті.калак
«Құйма қалақ» – төрт жағында ілмек тәрізді элементтері бар металдан жасалған технологиялық ыдыс. Ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытында феррохром дайындау үшін кеңінен қолданылады. Салмағы 3 тонна келетін қалақтың сызбанұсқасын әзірлеп, оны қалыптау мен құюға кен алыбының мамандары көп еңбек сіңірген.
Бұдан былай бірлестік ақтөбелік зауыттың жылдық сұранысын, яғни 29 дана қалақты кезең-кезеңімен жеткізетін болды.
– Бізде технологиялық ыдыстарды жаңарту мәселелеріне үнемі үлкен назар аударылады. Себебі өндірістің өнімділігі мен адамдардың қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты. Бұрын құйма қалақты шетелден сатып алатынбыз. Сондықтан импортты отандық өніммен ауыстыру мақсатында Еуразиялық Топ кәсіпорындары арасынан осы өнімді жасауға кімнің мүмкіндігі бар екенін зерттедік. Осы тұста сапасы ешкімнен кем түспейтін өнімді бізге Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің мамандары ұсынды, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндірістік-техникалық бөлім басшысының орынбасары Дархан Айдаров.
«ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев қиын экономикалық кезеңде Еуразиялық Топ кәсіпорындары бір-біріне нақты қолдау көрсетіп келе жатқандығын алға тартады.
– Бүгінде кез келген қосалқы өнімді шетелден сатып алмас бұрын, оны өзімізде шығара аламыз ба? Сол жағын жан-жақты қарастырамыз. Мәселен, жуырда біз Қазақстан электролиз зауыты үшін блюмстар шығара бастадық. Ол бұрын Қытайдан, біз ұсынған бағадан екі есе қымбат бағаға әкелінген. Болашақта Ақтөбе ферроқорытпа зауыты үшін тағы да екі өнім: 2,83 текше метрлік қожжинағыш пен 3 текше метрлік шөміш жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓