Арманы алға жетелейді

Қазір жастардың көбі жайлы жер іздеп, қала жақты жиі жағалайды. Ал, 27 жасар Абай Ыдырысов мал ұстап, отбасылық кәсіпті дөңгеленту үшін туған ауылына көшіп барды. Қостанайда экономист мамандығы бойынша оқып, қалада бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін, ол мал шаруашылығымен айналысу үшін Алтынсарин ауданының Шоқай ауылына оралды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы жас кәсіпкердің жоспарын жүзеге асыруға көмектесті.
Шоқай ауылында тұратындардың саны мыңға жетпейді. Мұнда ұзақ жыл жұмыс істеп тұрған элеватор жабылды. Ауыл адамдары жұмыссыз. Бірақ, Абай Ыдырысов туған ауылының болашағы жарқын боларына бексенімді. Тек еңбектеніп, мемлекеттің қолдау тетіктерін сауатты пайдалану керек деп есептейді ол.
"Несиені мен "Еңбек" бағдарламасы арқылы алдым. Алдында "Бастау Бизнес" жобасына өтініш білдіргенмін. Сөйтіп, 6 млн теңгеге 30 бас қара мал сатып алдым. Бәрі сүтті сиыр. Өйткені, қазір етті бағыттағы қара мал ұстау тиімсіз. Кейін тендерге қатысып, жайылымға қажетті 260 гектар жер алдым. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Биыл енді шабындық жер аламын ба деп отырмын. Сөйтіп, мен тек мал басын ғана өсірмей, ауылдастарымды да жемшөппен қамтамасыз еткім келеді", – дейді ол.
Жас фермер қорасында қой мен жылқы да өсіреді. Жақында ол мал өнімінің сапасын арттыру үшін асылтұқымды бұқа сатып алды. Кәсіпкердің мақсаты айқын: "голштина" мен кәдуілгі сиырларды будандастыруан өмірге келген бұзаулар жартылай асыл тұқымды болады. Келе-келе олардан мықты тұқым қалыптасады. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Бірақ, бұған Абай асықпайды.
"Менің келешегім алда. Бұл жерден енді ешқайда кетпеймін. Мен қалада тұрып көрдім. ҚМУ-да оқып, кейін әскерге бардым. Мемлекеттік қызметте де жұмыс істедім. Бірақ, қолайыма жаққан жоқ. Біртүрлі ауылға тартты да тұрды. Мен осы Шоқайда туып-өстім. Осы жерде үйлендім. Қазір қызым өсіп келеді", – дейді жас кәсіпкер.
Абай фермасында ата-анасы, бауырлары жұмыс істейді. Шаруашылық үлкен болғанмен, бар шаруаға кейде ағасы екеуі де үлгіреді. Абай сиырды өзі сауады. Сүтті қаладағы сүт зауытымен келісім-шарт жасасқан жер-гілікті жеке кәсіпкерге апарып тапсырады. Бағасы көңілге қонымды. Несиесін өтеуге де, күнделікті шығындарына да жеткілікті. Ал жазғытұрым шөп шабу кезінде оған анасы көмектеседі.
"Басты мәселе – шабындық жер. Егер менің жерім көбірек болса, жем-шөпті соғұрлым молырақ әзірлеп алар едім. Онда шаруашылықты да емін-еркін кеңейтуге болады. Әзірше, жергілікті шаруалармен келісіп, солар арқылы жем-шөп мәселесін жолға қойып алдым. Дегенмен, бұл маған тиімсіз. Бұлай жүре берсем, ерте ме, кеш пе, әйтеуір күндердің күнінде шөпсіз қалуым әбден мүмкін. Сосын амалсыздан мал біткен пышаққа ілінуі ғажап емес. Сондықтан биыл тендерге үміт артып отырмын. Егер жер телімі берілсе, үлкен база саламын", – дейді Абай Ыдырысов.
Абайды ауылдастары да қолдап отыр. Шоқай ауылының тұрғындары жас жігіттің туған жеріне оралып, үлкен іс бастағанына қуанышты. Осындай жастар барда ауылдың еңсесі ешқашан түспейді дейді олар.
Алтынсарин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓