Отбасының да, өндірістің де ұйытқысы

Кен алыбы – "ССКӨБ" АҚ-дағы 20 мың жұмыскердің 4 мыңнан астамы – қыз-келіншектер. Солардың бірі – Кен дайындау және байыту фабрикасының конвейер машинисі Бақыт Баймұхамбетова.
Бақыт – кеншілер қаласында туып-өскен. Жасы 52-де. Әкесі Жапарғали 1954 жылы құрылысы қарқын алған комбинатқа жолдамамен келіп, зейнетке дейін кеніште экскаватор машинисі болып жұмыс істеген. Өткен ға-сырдың 80-ші жылдары жастар арасында "байытушы" мамандығы сәнге айналды. Бір жағынан, жалақысы да басқалардан көп жақсы болды. Сол себепті кейіпкеріміз де 1987 жылы қазіргі Рудный таукен технологиялық колледжінен осы мамандықты алып шығады.
– Дипломалды практиканы жер асты кенішінде өтіп, кейін сол жерде жұмыс істей бастадым. Жасым 18-де ғана еді. Көп ұзамай марқұм әкем "ауыр еңбек қыз балаға жараспайды, одан да педколледжді оқып ал" деп өз кеңесін берді. Мен оған құлақ асып, тәрбиеші мамандығын игердім де алдымен Горняцкі кентінде, тұрмысқа шыққаннан кейін Рудныйдағы балабақшалардың бірінде еңбек еттім, – дейді ол.
2000-2010 жылдары білім және ғылым министрлері жеті рет ауысты. Әр министр жаңа реформа әкелемін деп ұстаздардың, әсіресе, балабақша қызметкерлерінің жалақысын өсіруге көңіл бөлінбеді. Қоғамда олардың беделі төмендеді. Осы тұста Бақыт Жапарғалиқызы кен алыбына қайта оралады. Бұл жолы Кен дайындау және байыту фабрикасындағы конвейер машинисі ретінде.
– Ең алғаш рет жұмыс орнына келгенде мұндағы ауаның шаңдану деңгейі және үйінділердің көлемі қайран қалдырды. Қазір әрине бұған үйреніп кеттім. Жұмысқа кіріскенде бастығым көп нәрсені үйретіп, басты қағидаларды көрсетті. Жалпы менің жұмысым еңбекқорлықты, зейінділікті және жауапкерші-лікті талап етеді. Өндірістің тоқтап қалмауы және апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздікті сақтау керек. Әрине, жұмыс қиын. Біздің цехта кез келген адам жұмыс істей алмайды, – дейді кейіпкеріміз.
Машинисттің міндеті – кептіру учаскесіндегі конвейердің жұмысын қадағалау, ақауларды дер кезінде тауып, жою. Өйткені ол арқылы тәулігіне жүздеген тонна темір кені концентраты тиеу аймағына және шекемтас өндіру фабрикасына тасымалданады. Технологиялық процес үздіксіз болғандықтан басқа нәрсеге бір секунд та көңіл аударуға болмайды.
– Басқа учаскелерге қарағанда бізде қыз-келіншектер көп. Жастар келіп, шыдамай кетіп жатады. Ал тұрақты жұмыс істеп қалғандардың жасы 30-дан асқандар. Ұжымымызда бір-бірімізге сыйластық, құрмет бар. Ерлер жағы мерекелерде еркелетіп, көңілімізді аулап жатады. Бірақ басқа уақытта жұмыстың аты жұмыс. Талаптар барлығына ортақ, – дейді Бақыт Баймұхамбетова.
Бүгінде кейіпкеріміз өмірлік жары екеуі қызын қияға қондырса, ұлы №2 гимназияның оқушысы. Ұлағатты ұл тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы болып, жұмысқа да үлгеріп жүр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында: "Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет", – деген болатын.
Расында, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келген жұмыстан аянбай, өз нәпақасын ешкімге жалтақтамай, адал еңбекпен ғана табуға ұмтылған әр адамға, лауазымына, қызметіне қарамастан, үлкен сый-құрметпен қарауымыз керек.
Қуаныш
 ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓