Ауыл шаруашылығы саласында көшбасшы
Тобыл-Торғай өңірі экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлық табыстарға кенелді. Саладағы нақты көлем индексі 120,8%-ке жетіп, өнімнің жалпы шығарылымы 572,0 млрд теңгеге шақ болған. Бұл туралы есеп беру жиыны кезінде аймақ басшысы мәлімдеді.
"Өткен жылдың егіс алқабы 5,3 млн га құрады, мұның 4,1 млн гаектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі, оның ішінде бидай 3,4 млн га алқапқа егілді. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жалғастыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 640,5 мың га (132,5 мың гектарға) дейін ұлғайтылды, – деді облыс әкімі. – Егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша жиналған жалпы астық көлемі 4,1 млн тонна, орташа өнімділігі – 10,2 ц/га".
Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінің саны көбейген. Осы есептен, ет өндірісі 6,1%-ке (103,9 мың т), сүт өндірісі 2,0%-ке (426,9 мың т) ұлғайыпты. А.Мұхамбетов осы салада бірнеше бағыт бойынша облысымыздың көш бастағанына тоқталды.
"Облыс елімізде ұн өндірісі бойынша бірінші орынды иеленеді (1 млн. тонна), сүт өндірісі бойынша – екінші (77 мың тонна), сары май өндірісі бойынша үшінші орында (4 мың тонна). Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша облыс республикада бірінші орын алатынын атап өту керек. Бір жыл ішінде 1 млн тонна дәнді дақылдар, 800,0 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майы (Қытай, РФ, Тәжікстан, Өзбекстан), 8 мың тоннаға жуық сүт өнімдері (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан), 168 тонна ет және сорпалық ет өнімдері (Ресей), 51 млн дана жұмыртқа (Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан) экспортталды. Бұл ретте, экспорттық қоржында өсімдік майының көлемі 2,8 есе, ұн 11%-ке өсті", – деді ол.
Мұның сыртында, өнеркәсіп нысандарының саны көбейді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласында 2020 жылы қуаты жылына 20,0 мың тонна құс етін өндіретін "Комсомол" құс фабрикасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Федоров және Жітіқара аудандарында 180 басқа арналған заманауи 2 тауарлы-сүт фермасы ашылды, сондай-ақ Қостанай ауданында жұмыс істеп тұрған тауарлы-сүт фермасы 740 басқа дейін кеңейтілді.
Төтеннен қиындыққа душар еткен кесел – күзгі құс тұмауына қатысты да егжей-тегжейлі тоқталды.
"Кеселден кейін Арқалық құс фабрикасының қызметі қайта жандандырылды. Құс тұмауына қарсы ветеринариялық жою іс-шаралары уақтылы жүргізілді, жұмыртқа бағытындағы тәуліктік балапандар әкелінді және жақын арада дүкендерде Арқалықтың сапалы және қолжетімді жұмыртқасы пайда болады", – деді облыс әкімі.
А.Мұхамбетов хабардар еткендей, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы әрқайсысында кемінде 400 бас сауын ірі қара мал ұсталатын 6 тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. Олардың екеуі Қостанай ауданында және Бейімбет Майлин, Денисов, Меңдіқара және Федоров аудандарында орналасады.
Биыл АӨК кешен саласында 7,9 млрд теңгенің 9 инвестициялық жобасы іске асырылып, ұзын саны 160-тан астам жұмыс орыны ашылды.
Өңірге тартылған инвестицияның ең көп көлемі де әдеттегідей 2 негізгі салаға тиесілі екенін айта кету керек: өнеркәсіп – 39,5% (130,1 млрд. тг), ауыл шаруашылығы – 16,7% (55,2 млрд тг).