«Бастау Бизнес» шақырады
Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін 19 сәуірден бастап өтініштер қабылдана бастайды. Ол үшін «Бастау Бизнес» жобасының әлеуетті қатысушылары тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі қажет. Өзімен бірге жеке куәліктің көшірмесі болуы тиіс.
«Үміткерге оқуға жолдама беру-бермеу мәселесін жұмыспен қамту орталықтары шешеді. Шешім үміткер мәртебесінің жобаның нысаналы тобына сәйкестігін тексеру негізінде қабылданады. Оқуға жолдамамен үміткер топқа қабылдау үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына немесе оның аудандық, қалалық филиалдарына жүгінуге болады. Тіркелу үшін электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы https://atameken.-ге өтіңіз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Лейла Ақтаева.
Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелгеніне қарамастан, жұмыссыздар, сондай-ақ ҚР Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары оқуға қатыса алады. Оның ішінде:
– ауылдық жерлерде, қалаларда, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар;
– мүгедектер, егер медициналық қорытынды бойынша олардың денсаулық жағдайы Еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе, олардың денсаулығына немесе басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе;
– зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі елу жастан асқан адамдар;
– жастар, оның ішінде NEET санаты;
– аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мүшелері;
– зәкірлік кооперацияға қатысушыларды қоса алғанда, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, шаруа және фермер қожалықтарының мүшелері;
– қоныс аударушылар мен қандастар.
Оқу мерзімі 21 күннен аспайды. Коронавирустың қаупін азайту мақсатында оқыту «AtamekenAcademy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүзеге асырылады. Оқу қорытындысы бойынша сертификат беріледі. Ол түлектерге гранттық қаржыландыруға, сондай-ақ жеңілдікті несиелеуге үміткер болуға құқық береді.
Толық ақпарат алу үшін облыстың аудандары мен қалаларындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.