Жеделсаты тоқтап тұр

Қостанай қаласының Аэропорт шағын ауданындағы Герасимов көшесі 7 үйдің жеделсатысы тоқтап тұр. Дұрысын айтқанда, сәуірдің бірінен бастап жеделсаты бір қосылып, бір сөнуде. Демалыс күндері мүлде қосылмапты. Тоғызыншы қабатқа жаяу мініп-түсіп жүрген тұрғындар алаңдаулы. Әсіресе, зейнеткерлер мен жүкті әйелдер далаға шығудан қалған.
Біз айтып отырған үй 2017 жылы салынған. Тұрғын үй үш подьезден тұрады. Тоғыз қабатты үйдің бірінші подьездінде жеделсаты дұрыс істеймей тұр. Біресе сөніп, біресе қосылып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туғызуда. Бірнеше адам жеделсатының ішінде қамалып қалған сәттер де болыпты. Пәтер иелері осы жеделсатының қызметін пайдаланғандары үшін әр тоқсан сайын, яғни, үш айда бір рет 2679 теңгеден төлейді.
– Осында тұрып жатқанымызға екі жыл болды. Кемпірім екеуіміз Арқалық қаласынан көшіп келдік. Пәтеріміз 7-қабатта орналасқан. Жасы келген адамға жетінші қабаттан жаяу түсіп, қайта міну деген оңай емес. Қазір көктем келді ғой. Күн шуақтап, есік алдында отыратын кез. Далаға шыққың келеді. Таза ауада жүруді қалайсың. Жеделсатысыз жаяу кіріп, шыққанға кемпірім-нің аяғы ауырады. Ай сайынғы ақшасын уақытылы төлеп отырмыз. Біздің бір ғана тілегіміз бар. Жеделсатыны жөндеп, тезірек іске қосса екен, – дейді зейнеткер Баржақсы Назаров.
Баржақсы ақсақал секілді қаншама үлкен кі-сілер тұрады мұнда. Олар жоғары қабаттан жаяу төмен түскенше қан қысымы көтеріліп, ауырып қаламыз ба деп қорқады. Бір қосылып, бір сөніп тұрған жеделсатының ішінде қамалып, қалып қоюымыз да мүмкін ғой дейді. Жүкті әйелдер мен бөпелерін жетектеген келіншектер де амалсыздан жаяу мініп, түсіп жүр.
Аталған үйге "Жеке пәтер иелерінің кооперативтерін үйлестіруші одақ" жеделсаты қызметін көрсетеді. Бірлестікке қоңырау соғып, мәселенің мәнісін түсінуге тырыстық.
– Біз аталған үйге үш жылдан бері жеделсаты қызметін көрсетеміз. Бұған дейін мұндай мәселе бол-ған жоқ. Жаңадан құрылған шағын аудан ғой. Жеделсаты да жаңа. Екатеринбургтің "ВЕК" деп аталатын зауытынан шыққан өнім. Негізі жеделсатының сапасы жақсы, сенімді. Осы уақытқа дейін ешқандай ақаусыз жұмыс істеп тұрды. Бірақ, өткен демалыс күндері ақау шыққаны рас. Механик маманымыз оқиға орнына барып, себеп-салдарын анықтауға кірісті. Ол білімді, сауатты маман. Алғашқы ақаудың себебін анықтап, қажетті бөлшекті алуға өтінім берді. Біздің мамандар бір апта бойы жеделсаты жұмысының кемшіліктерін анықтаумен айналысты. Бұл электроника ғой. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Ақауды бірден анықтау мүмкін емес. Қазіргі уақытта механик нақты ақауды анықтау мақсатында сол жерде жұмыс істеп жатыр. Біз бұл олқылықты қалпына келтіруге тырысудамыз, – деді "Жеке пәтер иелерінің кооперативтерін үйлестіруші одақ" бірлестігінің президенті Татьяна Земляная.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓