Ұқсатсаң – ұтылмайсың
Соңғы жылдары елімізде майлы дақылдардың үлес салмағы артып келеді. Оған себеп, бидайға қарағанда ішкі және сыртқы нарықта зығыр, рапс, қарақұмық, күнбағыс сияқты дақылдардың құны екі-үш есе қымбат. Бұл өнімдерге сұраныс өте жоғары. Сондықтан, бұған мемлекет басшысының өзі ерекше мән беріп отыр. ҚР ауылшаруашылық министрлігі өкілдерінің айтуынша, республика бойынша биыл майлы дақылдар алаңы 3 млн гектарға жеткізілмек. Яғни, бұл өткен жылғы деңгейден 63 мың гектарға артық деген сөз. Жем-шөп дақылдары – 3,4 млн гектар, көкөніс-бақша дақылдарының көлемі былтырғыдан 16 мың гектарға артық ұлғайтылады.
«Өңірдегі қазіргі жағдайда сұранысқа ие дақылдарды, атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіруге арналған шикізат, қант, қарақұмық жармасын, күнбағыс майын және т.б. өндіруге баса назар аударылады, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмық алаңын бұрын жоспарланған 89 мың га орнына 103 мың га дейін, картопты 197 мың га орнына 209 мың га дейін кеңейту ұсынылды. Бұл елді сұранысқа ие өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомство өкілі.
Әзірге, біздің облыстағы егіс алқабының 75%-і бидайдың үлесінде. Ал жалпы егістік көлемінің тек 12% -іне ғана жем-шөп, майлы дақылдар егіледі. Сондықтан, өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі өзекті болып отыр. Демек, майлы дақылдарды, басқа да жоғары өнімді дақылдарды ұлғайту мүмкіндіктері күн тәртібінен түскен жоқ. «Көптеген шаруашылықтар әлі күнге дейін тек бидай себеді. Аудан әкімдіктері Жер ресурстарын ұтымды пайдалану, өңделетін дақылдар тізбесін кеңейту, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыс жүргізуі қажет», – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Биыл облыс диқандары 5,2 млн га алқапқа дән сіңірмек. Тек соның 652 мың гектарына ғана майлы дақылдар себіледі. Ауыл шаруашылық мамандары биыл майлы дақылдар алқабын 12 мың гектарға ұлғайтуға бел буып отыр. Өйткені үстіміздегі жылы тауар өндірушілер үшін қосымша ынталандыру ретінде қолдаудың жаңа түрі — отандық зауыттарға өңдеуге тапсырылған тұқымдық майын субсидиялау іске қосылды. Бұл мақсатқа өңірде 250 млн теңге қарастырылған.
Көктемгі дала жұмыстарына 23 мыңға жуық трактор, 1 мыңға жуық егіс кешені мен 22 мың сепкіш қатысады. Олардың дені дайын. Қолда бар техниканың 85%-і науқанға сақадай-сай тұр. Егіс жұмыстарын іркіліссіз өткізу үшін облысқа 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Биыл сұйық отынның 1 литріне 170 теңге көлемінде баға бекітілді. Алайда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер жеңілдетілген отынды алуға асықпайтын сыңайлы. Өңір басшысы шаруаларға ширақтық танытуға кеңес берді.
Ол өңірге әкелінген отын мөлшері еселене түсетін сәуір мен мамыр айларында қиындық туғызбау үшін оның іріктемесін жеделдету қажеттігін атап өтті. «Біз жылдағы дәстүрді сақтауға тырысамыз. Көбіне «бір күндік» фирмалардан өтінімдер жиі түседі. Оған келісім бермей отырмыз. Өйткені, біз үшін мақсатты пайдалану мәселесі өте маңызды. Барлық аудан, қалаларда операторлардың өз мұнай базалары бар. Ендігі таңдау өз қолдарыңызда. Істі жеделдеткен жөн», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан, қала әкімдерімен өткен селекторлық кеңесте.
Енді мемлекеттік субсидияларға қатысты бірер сөз. Жыл басында облысқа 31 млрд теңге бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы шаруаларға 8,9 млрд несие қаражаты берілді. Ал «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 8,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін кезекті форвардтық тәсілмен сатып алмақ. Әзірге 940 млн теңгеге қатысушылардың тізімі бекітілді.
Осы аптада ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі өткізген баспасөз мәслихатында субсидиялауға өтінімдерді қабылдау Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында жүргізіліп жатқандығы хабарланды. Жақын арада Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталмақ. Қалған өңірлерде субсидиялар тізбелері мен нормаларын бекіту аяқталуға жақын. Бірақ премьер-министр уәкілетті министрлікке бір апта мерзім берді. Сондықтан басқа өңірлер тыңайтқыштарға тиісті субсидияларды ала алады. Айта кетейік, пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге қарастырылған, бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстары барлық ресурстармен қамтылады. «Егіс науқаны барлық қажетті ресурстармен, атап айтқанда, тұқыммен қамтамасыз етіледі. …2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді, бұл 82,1 мың тонна элиталық тұқым мен 3,8 млн дана көшет сатып алуды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Минералды тыңайтқыштар сатып алуды субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 26,1 млрд теңге қарастырылған. Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бүгінде республика аграрийлеріне 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген, жөнелту жұмыстары жалғасады», – деді министрлік өкілі. Ауылшаруашылық мамандары биыл кей өңірде қардың аз түсуіне байланысты құрғақшылық болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда, мұның біздің облысқа қатысы болмауы мүмкін. Мамандар Тобыл өңірінде егіннің бітік шығарына сенімді. Алқаптарда ылғал жеткілікті. Әсіресе, ақпан айында қар жылдағыдан көп жауды. Кәнігі мамандар осыдан он шақты жыл бұрын алқаптарда ылғалдың молдығынан облыс диқандары рекордық көлемде астық жинаған еді деп еске алады. Дегенмен, мол өнім алу тек топырақтағы ылғал мөлшеріне ғана байланысты емес. Танаптарда тыңайтқыштарды пайдалану, жерді өңдеу шаралары, дән себу жұмыстарын оңтайлы мерзімде бастау астық өндіру көрсеткішін арттыруға сеп. Жалпы, көктемгі егіс науқаны әдетте облыста мамырдың 15-нен кейін қыза түспек. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері маңызды науқанды ұйымшылдықпен өткізіп, дәнді оңтайлы мерзімде сепкенде ғана астық түсімін арттыруға болады деп отыр.