Алаяқ қостанайлық екен
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны интернет-алаяқтың арбауына түсіп, 888 мың теңге-сінен айырылды. Полицейлер күдіктіні анықтады. Ол Қостанайдың 18 жастағы тұрғыны болып шықты.
Наурыз айында Қызылжар ауданының полиция бөліміне Прибрежное ауылының тұрғыны арызданған. Ер адам интернет-алаяқтың арбауына түскен. Айтуынша, ғаламторда "Toyota Highlander" автокөлігін 1 млн теңгеге сатып жатқан хабарландыруды көреді. Тиімді ұсынысты қалт жібергісі келмей, көлікті сатып алу үшін "сатушының" айтуымен 350 мың теңге алдын ала төлем жасайды.
Ауыл тұрғыны 2020 жылдың желтоқсанында ақшаны жіберген, кейін түрлі рәсімдерге ақша қажет деген соң, үстінен қосып тағы аударған. Шығын сомасы 888 мың теңгені құрайды.
Аталған факті "Алаяқтық" бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті – Қостанай қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталды.
Сондай-ақ, полицейлер қандай жағдай да, бөгде адамдарға жеке және қаржылық мәліметтеріңізді айтпауға, жеке құжаттарыңыз бен банк карталарыңыздың суреттерімен бөліспеуге кеңес береді.