Жан түршіктірерлік қылмыс
Қарабалық ауданына қарасты Славен ауылының тұрғыны асқан қатыгездікпен қылмыс жасады. Бұл туралы "Айна" аудандық газеті жазады.
29 жастағы жергілікті тұрғын немере қарындасымен спирттік ішімдік ішеді. Алкогольге сылқия тойған екеуінің арасында ұрыс-керіс басталған. Салдарынан ер адам қарындасының ту сыртынан пышақпен бірнеше мәрте соққы жасайды. Одан кейін шімірікпестен құрбанының басын кесіп алып, жанып жатқан пештің ішіне тастаған. Бұл әрекетін қылмыс ізін жасыру мақсатымен жасаған болуы мүмкін. Бассыз денені сүйретіп апарып, жерқоймаға жасырып, қылмыс кезінде көрші бөлмеде болған жұбайын едендегі қанды жууға мәжбүрлеген.
Кісі өлімі туралы суық хабарды жергілікті тұрғындар айтқан. Келесі күні-ақ полицейлер күдіктіні ұстады. Ол қылмысын толық мойындады. Қатыгездікпен жасаған әрекетін бастан-аяқ баяндап берген. Таңдандырарлығы сол – күдікті бұған дейін бірде-бір рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып көрмеген, бірақ ата-аналық міндетін орындамаған тұлға ретінде тіркеуге алынған (оның 4 баласы бары белгілі болды).
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.