Игілік инвестициясы
Инвестициялық жобаларды іске қосу облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Жаңа жобаларды іске асыруда «қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025» сияқты бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарады. Өңірде қолға алынған жаңа инвестициялық жобалардың барысы туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков баспасөз мәслихатында кеңірек айтып берді.
Айтуынша, 2010 жылдан бастап жүзеге асқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы өңдеу өнеркәсібін дамытудың және инвестициялық жобаларды іске қосудың аса маңызды факторына айналған. Одан бері облыста 180 млрд теңгеден астам қаржыға 98 жоба пайдалануға беріліпті. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.
Өткен жылы ғана өңірде құны 11,5 млрд теңге болатын бес жоба іске қосылып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
– Мәселен, былтыр «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Мибеко» ЖШС-інде сұлы ұнтағын өндіру жобасы пайдалануға берілді, – деп атап өтті Сапарбеков. – Сондай-ақ, «Олжа Агро» ЖШС сегіз сүт-тауар фермасы мен балалар тағамын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Әзірге, жаңа өндіріс ошағының орны анықталған жоқ. Бірақ, бұл облыс орталығында немесе Қостанай ауданының аумағында болатыны белгілі. Биыл 1200 қара малға шақталған үш сүт-тауар фермасы мен балалар тағамын өндіретін зауыттың құрылысы басталмақ. Жалпы, бұл жоба 2023 жылы аяқталады».
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі өнім өндіруші ірі кәсіпорындар да одан әрі жаңғыртыла береді. Мәселен, «Баян Сұлу» АҚ өндірісін кеңейте түспек. Дәлірек айтсақ, кондитер фабрикасына тиесілі өндірістік кешен қалпына келтірілетін және қайта жаңартылатын болады. Нысанның өндірістік қуаты жылына 15 мың тонна кондитерлік өнімге жеткізілмек. Сол кезде фабрика үш ауысымда жұмыс істейтін болады. Бұл өндіріс ошағының қуаттылығын жылына 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алдағы жылдары Қостанайда істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеу хабын салу жоспарланып отыр. Ауқымды жобаны «AutoRecycling» ЖШС қолға алады. Жаңа кәсіпорын индустриялық аймақтың аумағында орналасады. Жақын арада жоба дайындалып, жазда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков айтқандай, бұл жоба ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруда жасалған маңызды қадам екені даусыз. Үстіміздегі жылы жүзеге асатын инвестициялық жобалардың ішінде Қарабалық ауданындағы бройлер құс фабрикасы, Арқалықтағы элеватор мен құрама жем зауытының құрылысы бар. Бүгінде Қостанайда «KIA» маркалы автомобильдерді шығару желісі жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, автокомпоненттер өндіретін локализациялық орталық іске қосылған.