Жауапкершілік бәрінен қымбат
Көктемгі егіс науқаны алдындағы ауылшаруашылық кеңесі биыл жылдағыдан анағұрлым ерте басталды. Бұл да дұрыс шығар. Өйткені, дала жұмыстарына дейін түйіні тарқатылмаған біраз мәселе тұр. Бұл жолғы агрокеңесте де қадау-қадау мәселелер талқыға түсті. Яғни, жауапты науқан алдындағы міндеттер сараланып, бұған дейін орын алған кемшіліктерді болдырмау қажеттігі айтылды.
Биік мінберден сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, биыл өңір диқандары барлығы 4,7 млн.гектарға дәнді дақылдар сеппек. Оның 4,1 млн гектарына түрлі дақылдар себіледі. Тек қана бидайдың үлесіне 3,7 млн гектар тиіп отыр. Жемдік азық өсіруге 777 мың гектар пайдаланылады. Бұл өткен жылғыдан 32% -ке артық. Сондай-ақ, 324 мың гектарға майлы дақылдар өсіріледі. Оның да көлемі жылдағыға қарағанда едәуір ұлғайған. Картоп, басқа да көкөніс алқаптары кеңейтіледі.
– Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру экономикалық жағынан аса тиімді. Сондықтан біз шаруаларға жасымық тәрізді пайдалы дақылдарды молынан өсіруге кеңес берер едік. Өйткені, оның нарықтағы бағасы қымбат. Бір тоннасы 250 мың теңге тұрады,-дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.Биыл көктемгі науқандық жұмыстарды атқару үшін біздің облысқа 71 мың.тонна сұйық отын бөлініп отыр. Оның 18 мың тоннасы айдың аяғына дейін жеткізілуі тиіс. Бір литр сұйық отынның бағасы– 126 теңге. Тұқым қоры да жеткілікті.
-Сапалы астық алу үшін жоғары сортты, таза тұқым пайдаланумен қатар, заманауи технологияларды қолдану бүгінгі күннің басты міндеті. Онсыз ештеңе де өнбейді. Көптеген шаруалар әлі күнге дейін гербицидтер мен минералды тыңайтқыштарды қолдануды білмейді. Соның салдарынан егін алқаптарын арам шөп басып, шығымы төмендеп кетеді,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы аудан басшылары мен шаруашылық жетекшілеріне науқандық жұмыстарға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеп, егіс жұмыстарына әзірлік барысын тағы әлденеше рет пысықтау қажеттігін айтты. Бастысы – техника әзірлігіне басты назар аударған жөн.
Бұл туралы толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.