Қос ауданды аралады
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Әулиекөл, Қарасу аудандарына барды.
Өңір басшысы ең алдымен Көктал ауылына кіре берістегі автомобиль жолының 29-шақырымындағы су өткізу темір-бетон құбырларын қарап шықты. Өткен жылы бұл нысанға 58,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Одан әрі Қарасу ауданындағы Зеленов ауылы маңындағы автомобиль көпірінде болып, су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық барысымен танысты. Аудандағы техникалық қамтылу жағдайын қарап шықты. Әкімге таныстырылғандай, 7,5 текшелік автоцистерна, ДЗ – 98В маркалы автогрейдер, КАМАЗ – 43118 шассиі бар әмбебап экскаватор, тартқышы бар трейлер жұмысқа сақадай сай тұр.
"Жалпы, 2021 жылғы көктем мезгілінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту және су тасқынының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 31,3 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Осы жылдың 20-24 наурыз аралығында кептеліс болған жерлерде су ағынын босату үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жарылыс жұмыстарының жалпы көлемі 32 938 текше метрді құрады", – деп мәлімет берді А.Мұхамбетов.
Облыс басшысы іссапары аясында мемлекеттік тілде оқытатын 320 орындық орта мектеп құрылысының барысын тексерді. Қазіргі уақытта ғимараттың барлық ішкі жұмыстары аяқталған, болашақ білім беру нысанына бүкіл құрал-жабдықтар әкелініпті.
А.Мұхамбетов сапар қорытындысында аудандардың әкімдеріне су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Жандос ЖҮСІПБЕК