Биыл да айрықша тәртіпте
Рамазан – күллі мұсылман қадір тұтқан қасиетті Құран Кәрімнің түскен айы. Бүгін 13 сәуір күні айлардың сұлтаны басталды. Ниеттенген жұртшылық тура 30 күн ауыз бекітіп, 12 мамыр күні кешке Рамазанды аяқтайды. 13 мамырда Ораза айт.
ҚМДБ бекіткен пітір-садақаның биылғы мөлшері 420 теңге. Ораза ұстай алмайтын адам әр күні үшін фидия (қаза оразаның орнына өтелетін садақа) беруіне болады. Бұл сома – 2500 теңге. Ал жалпы, созылмалы сырқаты барлар, жүкті әйелдер, алыс сапарларда жүргендер ауыз бекіту парызынан босатылған.
Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте биылғы Рамазан айында орындалатын шараларды айтып берді.
Өңіріміз «жасыл аймақта» болғанмен, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен мешіттерде жұма намазы мен тарауих намаздарын оқуға рұқсат етілген жоқ. Бірақ санитарлық талаптарды, әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып, күнделікті бес уақыт намазды жеке оқуға рұқсат етілген. Биыл да өткен жылғы секілді ауызашар мешіттердің асханаларында толық тоқтатылады. Оның орнына ас-ауқатты үйге жеткізу қарастырылған.
«Былтыр облыстық мешіт тарапынан әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы және егде адамдар бар 2300-ге жуық отбасының мекенжайына азық-түлік күнделікті жеткізіліп тұрды. Биыл мұндай отбасылар санын 5 мыңға жеткізу жоспарда бар. Пітір-садақаны биыл мешітке келіп жәшікке салуға болады. Сол сияқты Kaspi банкінің қосымшасымен электронды аудару арқылы да қабылданады. Онда садақаның 4 түрі бар: күнделікті садақа, пітір, демеушілік көмек, зекет. Садақа салушыларға сол мезетте мешіт ішінде бата берілген секілді күн сайын белгіленген уақытта онлайн бата дұғасы берілетін болады. Ол облыстық мешіттің Facebook, Instagram желілеріндегі парақшаларында және YouTube видеохостингінің Қостанай облыстық мешіті арнасында орындалады. Сонымен қатар, күн сайын көпшілікке осы парақшаларда онлайн уағыз айтылады», – деді Бахытбек қажы Нұрғабылұлы.
Бас имам сондай-ақ, ораза кезінде вакцина салдыру, тіс емдетуге қатысты сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, адам ағзасына әл беретін сұйықтықты ішке қабылдау оразаны бұзады. Ал, коронавирус инфекциясына қарсы екпе алудың денсаулыққа қаншалықты әсер ететіні туралы дәрігермен ақылдасқан жөн. Абзалы – вакцинаны ауыз ашқаннан кейінгі мезгілде алуға кеңес беріп отыр. Аузы берік адамға тіс жұлдырар кезде де басында су ішкізуі немесе жансыздандыратын екпе салынуы мүмкін. Ондай кезде ораза бұзылады. Ал су ішпей, екпе салдырмай тіс жұлдырған уақытта асқазанға қан, ірің кетіп қалмаған жағдайда ораза бұзылмайды.
Осы орайда Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 12 сәуірден бастап күшіне енген діни нысандардың (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) қызметіне қатысты қаулысы жарияланды. Онда:
«ұжымдық Құдайға құлшылық ету және бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде жұма, тарауих, айт намаздары мен ауызашар, сондай-ақ Пасха мерекесін мерекелеу кезеңінде салтанатты құдайға құлшылық ету мен іс-шаралар өткізбей, жеке, бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен рұқсат беру, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №67 қаулысының талаптарын сақтай отырып, онда орналасқан қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына тыйым салу», – делінген.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.