Архимед Мұхамбетов: “Chevrolet” көліктері құрастырылады

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы тұрғындарға есеп берді. Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамуда барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілген. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 15,3%-ке, құрылыс жұмыстары 6,6%-ке ұлғайды.
– Құрғақшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 77,9% деңгейінде қалыптасты. Осыған қарамастан, 2019 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 3 процент деңгейінде күтілуде. 2019 жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 196,3 млрд теңгенің өнімін өндірді.  Машина жасау және металлургия өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты айтарлықтай өсім қамтамасыз етілді, – деді облыс басшысы есеп беру жиынында.
Архимед Бегежанұлы машина жасау өндірісі туралы сөз етті. Оның айтуынша, «Аллюр компаниялар тобы» АҚ мен Өзбекстан Республикасындағы машина жасау көшбасшысы – «Узавтосаноат» АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізді. Айта кетейік, «Узавтосаноат» АҚ — Chevrolet және Ravon маркалы автомобиль шығаратын өзбек холдингтік компаниясы.
авто1
– Келіссөздер барысында автомобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Аллюр компаниялар тобының» құрамына кіретін «СарыарқаАвтопром» ЖШС алаңында Қазақстанда үлкен танымалға ие Ravon маркалы автомобильдер өндіріледі. 2019 жылы осы маркалы 5,4 мың автомобиль шығарылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша ағымдағы жылы Ravon автомобильдері өндірісінің айналымын 90 млрд теңге көлемінде 3 және одан да көп есе кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді өңір басшысы.
Жалпы 2019 жылдың қорытындысы бойынша автопром 25,8 мың дана автокөлік шығарды, ал 2020 жылы шамамен 30 мың машина құрастыру жоспарға алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓