Мәселе – өткір, пікірлер – қайшы  

           Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің құрылғанына таяуда бір жыл толды. Осы уақыт аралығында сегіз рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, бас-аяғы отыз шақты мәселе қаралыпты. Барлығы да сан түрлі саладағы көкейтесті түйткілдер төңірегінде болды. Жанды пікірлер жұмырланып, ұстынды ұсыныстар жоғарғы жаққа жолданды… Осы жылдың алғашқы қоғамдық тыңдауының күн тәртібіне де өткір мәселелер тақырып болды. Бірі – 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет, екіншісі – азаматтарды уақытша тіркеу. Соңғысы төңірегіндегі талқылаулар ұзаққа созылды.
            Әуелі, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Сергей Жалыбин тағайындалды. Одан әрі белгіленген мәселелер бойынша тиісті мамандар бандама жасады. Облыс бюджеті туралы Бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Спанов мәлімдеді. Жиынға қатысушылар тарапынан көп сауалдар туындатқан жайт – азаматтарды уақытша тіркеудің іске асу барысы, оның негізгі мәні. Бұл жайлы түсінік беру үшін ІІД көші-қон полициясының жетекшісі Қайрат Дүтпаев мінберге көтерілген еді.тіркеу
            – Қазір бұл мәселе қоғамдық пікірді қақ жарып отырғаны белгілі. Айтарымыз, уақытша тіркеуді тәртіп сақшылары азаматтарды айыппұл төлеуге мәжбүр ету үшін енгізген жоқ, керісінше, ішкі көші-қонды ретке келтіру мақсатында қолға алынған. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Батыстық елдерде бұл міндетті, азаматтары да жауапкершілікпен қарауға үйренген. Оларда да тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл салынады. Кей елдерінде 50 евроға дейін өтеу міндеттеледі. Бізде уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға белгіленетін айыппұл көлемі 7-10 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Жауапқа тарту наурыз айының орта шенінен іске асырыла бастайды,-деді Қ.Дүтпаев.
            Сондай-ақ, ол заңға кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын да айта өтті. Дегенмен, кеңес мүшелері мұның томпақтау тұстары бар екенін жасырмады. "Ресейліктерге бір ай, өз азаматтарымызға он-ақ күн мерзім беруді қалай түсінеміз?" деп сауал жолдады бірі. Енді бірі: "Мұның жаппай міндеттелуі үлкен "әлеуметтік жарылысқа" әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталарда, студенттер қалаға "ағылған" кезде жағдай екіұдай күйге түспесіне кім кепіл?" – деп күдік білдірді. "Егер менің КЖБИ шағын ауданында бір үйім, екінші баспанам КСК ауданында болса ше? Бірінде тіркеуде тұрып, екінші үйімде бірер ай жатқым келді делік. Ол үшін де ХҚКО-на сабыламын ба?" – деген сауал қойды тағы бір кеңес мүшесі.
            Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жалыбин де әріптестерінің жағына шықты. Ол біздегі уақытша тіркеуді батыстық тәжірибемен салыстырудың қисынсыз екенін, бұл шара коменданттық сағатқа айналып шықпаса екен деген шүбәсі барын төте айтты.жалыбин
            -Еуропадағы тіркеудің сиқы мүлде басқа. Мәселен, қоныс аударысымен уақытша тіркеуге міндетті түрде тұратын себебі, айталық, фотоаппаратын ұрлатса, құнын дауалай алады. Бізге ондайдың ауылы алыс. Мойындау керек әрине, тұрғындардың көпшілігі уақытша тіркеудің дұрыс екеніне иланып та үлгерді. Шындығында, дұрыс емес дер едім. Сіз мысалға келтіріп отырған еуропалықтардың тіркеуі өз азаматтарына емес, шетелдік мигранттарға бағытталған. Оның үстіне, шикілігі көп бола тұра ерте қабылданған заң деп есептеймін,-деді төраға.
            Көші-қон полициясының өкілі заңда белгіленген талап-шарттар бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, тіркеудің оңтайлы онлайн жүйе арқылы жүргізіліп жатқанын және жұрт айтып жүргендей, тәртіп сақшыларының тұрғындар есігін қақпайтынын айта өтті.
            Осылайша, қоғамдық пікір тудырған мәселеге қатысты бүгінгі тыңдалым бойынша ҚР үкіметіне үн жолдау шешімі қабылданды. Қоғамдық кеңес мүшелері "Уақытша тіркеу туралы" Заңға, барынша пісіп-жетілмейінше, нақты ережелері қалыптаспайынша, мораторий жариялауды ұсынбақ.
 
Ж.Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓