Несие алу жолдары
Арқалық қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Құлетовтің төрағалығымен, Қостанай облысы бойынша “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ филиалы төрағасының орынбасары Байділ Сәдімов, Қостанай облысы бойынша Аграрлық несие корпорациясының бөлім басшысы Дулат Мұхамеджанов, сондай-ақ ауыл және ауылдық округ әкімдері, өңірдің ауылшаруашылық өнім өндірушілерінің қатысуымен аграрлық кеңес өтті.
Кеңес барысында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары талқыланды. Бағдарламаның мақсаты – тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтуға ықпал ету және азаматтарды кәсіпкерлік жұмысқа тарту. Ішінара алғанда, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған несиелеу бағдарламалары түсіндірілді.
Мәселен, мал шаруашылығын дамытуға арналған несиелік бағдарлама: ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, басқа ауыл шаруашылығы жануарларын, құстарды, бал араларын, балықты сатып алуға және жем сатып алуға бағытталған. Жеке кәсіпкерлер, шаруалар мен шаруа қожалықтары, ауылдық өндірістік кооперативтер үшін 4 млн-нан 12 млн теңгеге дейін несиелер беріледі. Ауылдық өндірістік кооперативтерден басқа жоғарыда аталған барлық шаруа қожалықтары 30 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл ретте несие желісінің мерзімі бірінші жағдайда 78 айдан, екіншісінде 120 айдан аспайды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық кеңесінде жобаға қойылатын талаптарға сәйкес, сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың жасы 24 айдан 48 айға дейін болуы керектігі айтылды. Өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған несиелік бағдарламаның мақсаты – айналым қаражатын толықтыру. Меншік формасына байланысты несиелер 6 және 30 млн теңгеге дейін беріледі.
Кәсіпкерлікті дамытуға несие берудің мақсаты – ауылшаруашылық емес және ауылшаруашылық кәсіптерін ұйымдастыруға және кеңейтуге бағытталғандығы атап өтілді.
Меншіктің түріне байланысты несие сомасы 6 млн-нан 20 млн теңгеге дейін, несие желісінің мерзімі 60 айдан аспайды. Аз қамтылған немесе көп балалы отбасылар санаты үшін несие желісінің мерзімі 36 айдан аспайды. Жалпыға бірдей жеңілдік мерзімі негізгі қарызды өтеу – 12 айдан, ал сыйақыны өтеу – 6 айдан аспайды. Қарызды өтеу жолы тең жарналық икемді кестемен сараланған.
Кеңес барысында спикерлерге көптеген сұрақтар қойылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – екінші деңгейлі банктердің Арқалық өңірі тұрғындарының кепілге салынған мүлкіне қойылатын талаптары. Пайымдап қарағанда кепілдік мәлімделген несиелік қаражаттан әлдеқайда құнды болуы тиіс. Ал мұнда ол керісінше. Сол себепті бірқатар ауылшаруашылық тауар өндірушілері несие ала алмайды, сәйкесінше мемлекеттік бағдарламалар қолжетімсіз.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.