Заң күшейді
Осы жылдың 20 наурызында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл Заң 5-сәуірден бастап күшіне енді. Осыған орай Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Қуаныш Бекбасов арнайы брифинг өткізді.
Брифинг барысында заңдағы осы өзгерістер туралы жан-жақты мәлімет берген Қ.Бекбасов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті. Нақты айтқанда, кодекстің сыбайлас жемқорлыққа қатысты алты бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.
«Әкімшілік тәжірибе сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар үшін жаңа ұғым емес. Алайда кодекске згерістер енгізуге қатысты біраз рәсімдерге байланысты агенттік бұл құзіретке енді ғана ие болып отыр. Бұл бұдан былай агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құрал бар дегенді білдіреді», – деді спикер.
Енді шенеуніктер құны 2 АЕК-ке дейін сыйлық алғаны үшін 1,8 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, тек әкімшілік тәртіппен жазаланатын болады. Сонымен қатар енді заңсыз материалдық сыйақы берген қазақстандықтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Құны 2 АЕК-ке дейінгі сыйлық берген адам 4,5 млн теңгеден астам айыппұл төлеуі әбден мүмкін.
«Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар кодекстің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге. Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет кодекстің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, яғни 2 млн теңгеден асады. Ал дәл осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн теңге төлейді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғалар да жазасыз қалмайды. Олар арнайы шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салады. Мемлекеттік, жергілікті өзін өзі басқару органдарының басшылары өздеріне жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлікпен айналысса, не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдаса, оларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынатын болады. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін өседі, – деді ол.