ІСІ өрге басқан
Сәрсенбінің сәтінде Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов Рудный қаласына да атбасын тіреді. Шаһардағы ірі зәкірлі жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, жастармен жүздескен мәртебелі мейман Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалып жатқандығын өз көзімен көріп қайтты.
Алдымен министр бастаған делегация қаладағы сүт және айран өнімдерін шығаратын бірегей кәсіпорын – "Лидер 2010" ЖШС-дегі жаңа цехтың құрылысында болды. Жобаның жалпы құны 1,25 млрд. теңгені құрайды. Оның 1 миллиардтан астамы үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несиемен бөлініп отыр. Цех толығымен іске қосылса, зауыт қуаты 6,8 мың тоннаға артып, енгізілген жоғары технологияның арқасында сүт өнімдерін алысқа тасымалдауға мүмкіндік тумақ. Нысанды аралап, кәсіпорын басшысы Владимир Ширяевтың уәжін тыңдаған министр өнім сапасы мен оны экспорттауға баса мән беру қажеттігін қадап айтты. Бүгінде әлемде орын алған экономикалық дағдарысқа қарамастан, рудныйлық зауыт алға қарай дамып, болашақта тағы да 30-40 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Әсет Исекешев ат басын бұрған келесі нысан – "ССКӨБ" АҚ-ның металл илеу зауыты болды. Бұл зауыт бірлестіктің өз қаржысына салынған. Сырттан 7,5 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Қуаты жылына 75 мың тонна металл прокатын шығаруға қауқарлы кәсіпорында 650 жаңа жұмыс орны ашылғанын тілге тиек еткен жөн.
– Металл прокат зауытының құрылысы Ел Президенті айтқандай, ССКӨБ-тың кен-байыту кә-сіпорнынан тау-кен-металлургиялық кәсіпорынға айналуға мүмкіндік берді. Бірлестік металлургтері өндірістік көрсеткіштерді одан әрі арттыра беруге мақсат қойып отыр, – дейді "ССКӨБ" АҚ Президенті Береке Мұхаметқалиев.
Әсет Өрентайұлы бірлестіктің жұмысына жоғары бағасын беріп, оның Қостанай облысының дамуына қосып отырған өлшеусіз үлесін сөз етті.
Сондай-ақ министр атап өткендей, индустрияландырудың бастапқы бесжылдығындағы кәсіпорындар сыртқы ықпалдарға басқаларынан гөрі жақсы төтеп бере алған. Олардың бизнес-үлгісі тиімдірек, қоры мығым. Индустриялық бағдарламаның өңірлерге жасаған ықпалы қуатты екендігіне шүбә жоқ. Айталық, Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге (341 млрд. теңгеден 532 млрд. теңгеге дейін), өңдеу өнеркәсібі бойынша еңбек өнімділігі 2 есеге жуық өскен. Әсіресе, оң серпін металлургия, құрылыс және тамақ өнеркәсібі секторында аңғарылады.
Мәртебелі меймандар Индустрияландыру картасы бойынша қолға алынған жобаларды болашақта жүзеге асыратын инженер кадрлармен де кездесті. Рудный индустриялық институты жастарының көкейтесті сауалдарына жауап берген министр өңірдегі игілікті жаңалықтарға тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ағымдағы жылға межеленген барлық шараларды абыроймен өткізу қажеттігін айтты.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ