Бал арасына да бап керек

Өңірлік омарта бизнесінің өкілдері тығырықтан шығар жол іздеп, дабыл қағып отыр. Мұның себебі – бал дақылдары алқаптарының қысқаруы және супермаркеттер мен ірі сауда желілеріне шыға алмауы. Нәтижесінде омарталардың саны азайып кетті. Ал сырттан әкелінетін бал өнімдеріне шек қойылмай тұр. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Наталья Лапшинамен кездескенде, омарташылар осы мәселеге назар аудартты.
«Kostanai – Adaldyq Alany» жобалық кеңсесінің, «NurOtan» партиясының облыстық филиалының, облыстық әйелдер күштері альянсының өкілдері мен кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кеңесте әртүрлі мәселелер талқыланды. Бірақ олар тек Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс.
«Менде кішкентай омарта бар. Алдағы уақытта өз кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Бірақ, осы бағытта жұмыс істейтіндердің барлығына тән бірқатар проблемаға тап болдым. Мәселен, көптеген ара өсіруші өз өнімдерін жол бойында сатады. Бұл өнімдердің бәрі жоғары сапалы. Оны неге дүкендерде, супермаркеттерде сатпасқа? Ірі супермаркеттер өнеркәсіптік көлемде бал өндіруге қауқарсыз фермерлермен келісім жасай алмайды. Сондықтан, мен сияқты адамдарға мәртебе беру, сондай-ақ өнімді сертификаттау мәселелерін шешу қажет. Бұл адамдарға сапалы, экологиялық таза өнімді сатуға мүмкіндік береді. Біз үшін өткізу нарығы пайда болар еді», – дейді кәсіпкер Игорь Верещага.
Омарташы басқа елдерде ірі супермаркеттерде шағын өндірушілердің өнімдерін сатып алуға болатын «фермерлік бұрыштар» бар екенін атап өтті. Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы дейді ол. Екінші жаһандық проблема – балды ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылған алқаптардың қысқаруы. Шаруалар алқаптарға өздігінен тозаңданатын тұқымдарды себеді. Сондықтан, омарта қоятын жер жоқ.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы ірі сауда желілеріне шығудың жалғыз жолы – кооперация екендігін алға тартып отыр. Мұндай тиімді әдіс ШҚО-да қалыптасқан. Онда бірнеше ара шаруашылығы бірігіп, өнімді арнайы шығынсыз сертификаттап қана қоймай, қытай нарығына да шығатын мүмкіндік тапты. Енді балды дақылдарға арналған егіс алқаптарының жетіспеушілігі мәселесі де шешімін таппақ. «Бал Ара» омарташылар одағының Қостанай филиалы Қарабалық және Алтынсарин аудандарындағы орман шаруашылықтарымен түйежоңышқа және қарақұмық егу үшін жер телімін бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Әрине, бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Алайда қозғалыс бар. Кездесуде кәсіпкерлер тарапы соңғы уақытта қоғамда өткір тұрған тауарлардың ілеспе жүкқұжаттары туралы мәселені де көтерді. «Президент» сауда үйінің директоры Наталья Середенко кәсіпкерлер инновацияға техникалық тұрғыдан дайын емес екенін атап өтті. «Аталған барлық мәселе өңірлік кеңестің отырыстарында көтерілетін болады. Сондай-ақ, депутаттық сауалдар, диалогқа мемлекеттік органдарды тарту арқылы шешілетін болады. Алғашқы қадамдар жасалды», – деп түйіндеді Наталья Лапшина.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓