Министр қызметінен кетті
Мемлекет басшысының Жарлығымен Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
А.Цой Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне Алексей Цой былтыр, 2020 жылдың маусымында тағайындалған еді. Ол қызметінен босатылуына байланысты Facebook-тегі парақшасында мәлімдеме жасады.
«Бүгін менің азаматтық секторға өту және денсаулық сақтау саласын дамытуға ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы үлес қосу туралы шешімім қолдау тапты», – деп жазды министр.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды, Денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырған.
«Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді жақсарту үшін жағдай жасадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем парктері, жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділіктің жоғары деңгейіне жетті, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры құрылды, СЭС және зертханалық қызметтердің әлеуеті артты, QazVac вакцинасы шығарылды және т.б. Ел басшылығына, Президент әкімшілігіне, Премьер-министрге, Үкіметтегі әріптестеріме, Денсаулық сақтау министрлігіне, барлық жергілікті атқарушы органдарға, азаматтық секторға, БАҚ-қа, еріктілерге, үкіметтік емес ұйымдарға және медицина қызметкерлеріне сенім білдіргені және Қазақстан халқының игілігі үшін бірлесіп атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысымды білдіргім келеді»,- делінген Алексей Цойдың мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Алексей Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, "Дәнекер" халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.
Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және тағы да басқа елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.
Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, "Еуроазиаттық респираторлық қоғам" қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.
2019 жылғы ақпаннан бастап 2020 жылдың маусымына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығын басқарған.