Сағат белдеуі: мәселеге нүкте қойылды

Қостанай облысының географиялық сағаттық белдеуін өзгерту – қоғам пікірін қаққа бөлген даулы мәселе. Қолдаушылар ғылыми дәйектерін алға тартып жүр, ал қолдамайтын тарап бұдан келіп-кетер ештеңе көрмейді. Осы түйткілді талдау үшін Қостанай облысының Қоғамдық кеңесі онлайн форматта қоғамдық тыңдау өткізді.
Соңғы кездері іркіс-тартыс туындатып жүрген түйткілдің түйінін табу – бүгінгі онлайн-отырыстың басты мақсаты. Модератор мәліметі бойынша, осы мәселеге қатысты облыс көлемін-де арнайы сауалнама жүргізілген. Аудан-қалаларда 44 486 адам қамтылып, оның 26 201-і сағат ауыстыруға "қарсымын" деп жауап берген, тек 161 адам ғана қолдайтынын айтыпты. Қостанай энегрия орталығы және Қазгидромет мұның жөнсіз екенін алға тартқан. Ал уақыт белдеуін +5-ке қайтаруды талап етіп жүрген белсенді Ольга Ведлер мұның бәрін ғылымға қарсы шығу деп есептейді.
"Қолымызда нақты ғылыми дәлелдер, астрофизика, биохимия институттарының, акаде- миялардың деректері бар. Бұл халықтың пікірі үшін емес, денсаулығы үшін алаңдау керек мәселе. Кеше Б.Майлин ауданындағы жиында: "біз ғалымдар сөзіне емес, өз пікірімізге сүйенеміз" дейтіндерді көрдік. Бүгін де осындай халық пікірін ғана алға тарту болып отыр. Мәселен, Қызылорда өз сағат белдеуін қайтарып алды. Ол біздің облыспен бір географиялық белдеуде, алайда уақыттары әртүрлі жүретіні күлкілі ғой", – дейді О.Ведлер.
Оның айтуынша, уақыт белдеуін қалпына келтіру физиологиялық ауытқулардың, онколо-гиялық аурулардың алдын алып, өлім статистикасының азаюына ықпал етпек. Ол бүгін мүмкіндік тумаса, ертең сот алдында нақты деректермен сөйлейтінін айтты. Ал облыстық мәслихат төрағасы Сергей Жалыбин таяқтың екі ұшы барын ұмытпау керек екенін меңзеді.
 "Бұл мәселенің қашан, қалай басталғаны маған мәлім. Жүре келе осы түйткіл туралы халық пікіріне жүгінетін болдық. Салдарынан полярлық пікірлер пайда болды. Аймақ басшысының ауқымды жиындарында жиі қойылатын сұраққа айналды. Тіпті Б.Князев, С.Бұқанов сынды ірі тұлғалардың сағат белдеуіне қатысты пікір білдіргені бар. Сондықтан бұл күрделі мәселе, оңай шешілер шаруа емес. Әрине, көбінікі субъективті пікір және тараптарды таразыға салсаң да тең тұр деуге болады. Мұның денсаулыққа кері әсері барын алға тартып жүрген белсенділердің сөзін жоққа шығармаймын. Бірақ уақыт ауысып жатса, "қарсы" топтың наразылығы өршімесіне кім кепіл? Жалпы, үкіметте 2018 жылы сәуірде бұл мәселе қаралып, түбегейлі нүкте қойылған еді. Мен сол шешімнің өзгеріссіз қалғанын құптайтындар жағындамын", – деді ол.
 Осы тектес пікірлерді өзге де мәслихат депутаттары сабақтады. Мәселен, Алма Дощанованың пікірінше, қоғамдық тыңдау болғандықтан, сауалнамаға қа-тысқан халықтың пікірі ескерілуі керек.
"Мен сауалнама нәтижесімен толық таныстым. Онда халықтың әртүрлі әлеуметтік санаты қамтылған. Сондықтан бұны маңызсыз дей алмаймын. А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ жанындағы зерттеу институтының ғалымдары да бұл мәселені жан-жақты талдады. Нақты әсер немесе залал келетіні анықталған жоқ. Бірақ бұны әлде де зерттеуге дұрыстап көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Тағы бір қосарым, біздің ЖОО-да да 1500 қызметкер, 7000 студент арасында сауалнама жүргізілді. Оның 79,3 пайызы қарсылық танытқан. Меніңше, Қытай, Үндістан Ресей сынды елдер бұл мәселенің нүктесін қою керек. Мәселен, алпауыт Қытайда 5-ақ сағат белдеуі бар емес пе…", – деп ойын білдірді А.Дощанова.
Бұдан кейін де қолдаушылар мен қарсы тарап арасында пі-кірталастар өрбіді. "Табиғи биоырғағын қалпына келтіру қажет" деуші спикерлер ғылыми дәлелдер ұсынып бақты. Қарапайым қисыны мен қағидасына ғана сүйенгендер де болды. Эмоцияға берілген азаматтардың сөзін бөлуге де тура келіп жатты. Сөйте келе, жиынның шарықтау шегінде облыстық Қоғамдық кеңес мүшелеріне дауыс беру мүмкіндігі берілді. Қорытындысында қолдау көрсетіп 3, қарсылық білдіріп 13 депутат дауыс берді. Осылайша, Тобыл-Торғай аймағының географиялық сағаттық белдеуін ауыстыру орынсыз деп танылды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓