БӨДЕНЕШІ
«Асың, асың, асыңа,
Бақыт қонсын басыңа!
Таң мезгілі болғанда,
Бөденедей жорғалап,
…Қыдыр келсін қасыңа!».
Бөденедей жорғалап… Атадан қалған ақ батада аты аталатын осы бір жорға құс туралы не білеміз? Дүкен сөресінен шұбар дақ қабықты кішкентай ғана жұмыртқа көрген боларсыз. Көлемі кәдімгі кептердің жұмыртқасындай. Бірақ бағасы тауық жұмыртқасынан қымбат. Бұл бөдененің жұмыртқасы. Бөдененің еті де, жұмыртқасы да қазаққа таңсық ас емес. Сондықтан көңіл аудара қоймаймыз. Ал Жапон елінде жылына 19 млрд-қа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі екен. Әр жапон баласы күніне 2 жұмыртқадан жеп отырады. Islam.kz тілшісі Айнұр Қазмағамбетованың жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин де оны күн сайын шикілей ішетін көрінеді. Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне жұдырықтай ғана бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызған екен.

Жұдырықтай құстың жұмыртқасы мен етінің мың түрлі дертке дауа екенін жақсы білетін қазақтың бірі – Қостанай қаласының тұрғыны – Сақтаған Бақбасов. Ол «КСК»-дағы «Қарлығаш» балабақшасында ғимарат күтушісі болып жұмыс істейді. Балабақшаның бүкіл жиһазы мен есік-терезесінің бүтіндігі осы кісінің мойнында. Қалпы түзу қарапайым жігіт ағасының жұмыстан тыс уақыттағы ермегі – бөдене бағу. Сәкең бүгінде 400-ге жуық бөдене ұстап отыр.



Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев