Халықтың 84 пайызы қамтылған
Шамамен 16 млн қазақстандық немесе халықтың 84%-ы медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов Денсаулық сақтау министрілігінің алқа отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша МӘМС жүйесіне енбегендердің саны 3 млн-нан асып жығылады: жарнаны тұрақты төлемегені үшін 1,6 млн адам мәртебеге ие болған жоқ, ал 1,4 млн тұлға бір жыл ішінде бірде-бір рет төлемеген.
«Жазда ай сайын 42500 алып жүрген кезде, жеке тұлғалар жаппай БЖТ төлей бастаған болатын. Солай жалғаса бергенде МӘМС жүйесі халықтың 92%-ін қамтитын еді», – деп атап өтті ӘСМҚ басшысы Болат Төкежанов.
2020 жылы медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдар ретінде 550 млрд теңге түсті. Оның ішінде, азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін мемлекеттің төлеген үлесі – 297,6 млрд теңге немесе барлық түскен қаражаттың 54%-ы. Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін 162 млрд теңге (29%) аударды.
Жұмысшылар 72,2 млрд теңге, жеке кәсіпкерлер 10,4 млрд теңге, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген тұлғалар 2,3 млрд теңге, БЖТ төлеушілер 2,8 млрд теңге, өзі үшін төлейтіндер 2,3 млрд теңге аударған.
Өңірлер бойынша МӘМС жарнасын төлеуде Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы алда келе жатыр. Төлем көлемі ең төмен өңірлерге Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары жатады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қостанай облысы бойынша филиалы біздің облысымызда 1 наурыздан бастап 151 мың адамның сактандырылған мәртебесі жоқ екенін атап өтті. МӘМС жүйесінде мәртебені алу мәселелері бойынша 8(7142) 990-544, 990-545 телефондарына қоңырау шалу қажет.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ.