Мектеп музейлерін дамыту
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Музей – өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасымен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қарауды, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі дер едік». Музей қоғам мүшелеріне, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме болғандықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының ұлттық сана-сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін қазіргі заманға сай, ғылыми негізде жүйеленген мектеп музейлерін көптеп ұйымдастыру қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Музейдің негізгі жұмысы – тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани – адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» мемлекеттік мекемесі Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасының қолдауымен «Мектеп музейлерін дамыту мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн-вебинар өткізді. Вебинар мақсаты: музей мамандарының қатысуымен мектеп музейлерін дамыту, қызметін талдау және зерттеу жолдарын айқындау. Вебинарға Қостанай ауданының білім беру ұйымдарындағы мектеп музейлеріне жауапты мамандар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жауапты білім бөлімінің әдіскерлері қатысты. Вебинар барысында білім беру саласындағы музейлердің қызметін ұйымдастырудағы проблемалар зерделенді. Сондай-ақ, спикерлердің бірі болып Мичурин жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қазыбаев Ерасыл Манасұлы қатысты. Ол «Өскелең ұрпаққа туған өлке тарихын насихаттаудағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады.
Қостанай ауданының білім беру ұйымдарында ашылған 10 музейге 2020-2021 оқу жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Мичурин жалпы білім беретін мектебінде музей ашылғанын айта кетейік. Мұражайға келушілер сымсыз интернетке қосылған нетбуктарды пайдаланып, олар арқылы осы мұражайға және әлемнің, Қазақстанның барлық мұражайларына арнайы QR-код арқылы виртуалды саяхат жасай алады. Мұражай қазіргі заман талаптарына сай келетін барлық техникалық құралдармен жабдықталған, ол «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағадарламасы және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларымен ұштастырып жасалынған. Мичурин мектебінен қатысқан спикер вебинар қатысушыларына жалпы мектеп музейі туралы нақты ақпарат ұсынды. Вебинар соңында мектеп музейлері жұмысының қызметін жетілдіру жөніндегі ұсынымдар қабылданды.