Сенім ақталды
Жалақының өсуі тұрмыстық жағдайды жақсартумен қоса әр азаматтың еңбекке деген жауапкершілігін арттыру түсетіні анық. Сол себепті еліміздегі қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен емес. Жұмысшылардың еңбегін бағалап, қаржылай ынталандыру, олардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау секілді маңызды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Осы ретте, жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы деңгейі бір жарым есе өсетінін баршамыз білеміз. Бұл жөнінде Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан болатын.
Президент әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамасы барлық өңірлерлердің кәсіпорындары мен мекеме-ұйымдарында қолдау тауып, жұрт болса жағымды жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады. Мысалы, Рудный қаласындағы «KazTrading» ЖШС басшылығы жалақыны көтеруге байланысты әзірлік жұмыстарын бүгіннен бастап кетті. Азық-түлікті бөлшек бағамен сатумен айналысатын компания осыдан тура бес жыл бұрын іргесі қаланған.
Серіктестік директорының орынбасары Наталья Грицайдың айтуынша, қазіргі таңда дүкенде 15 адам жұмыс істейді. Төртеуі – әкімшілік қызметкері. Олардың орташа жалақы көлемі 41 000 теңге. Келесі жылдың қаңтарынан бастап 60 000 теңгеге көтеру жоспарда бар. Ал сатушылардың еңбекақысы 30000-нан 45 000 теңгеге, жүк тасушының еңбекақысын 35 000-нан 50 000 теңгеге көтеріледі.
– Елбасымыздың елге үндеуін тамашалап отырып, бұл тапсырманы біздің басшылық та айналып өтпейтініне сендік. Бұл сенім ақталды. Халыққа танымал болып кеткен «Весна» дүкенінде 2014 жылдың желтоқсанынан жұмыс істеймін. Жұмысыма көңілім толады, басшылықтың көзқарасы түзу. Ең бастысы, жалақы уақытылы беріледі. Енді жаңа жалдан бастап отбасы бюджетіміз толығатынын естіп қуанып отырмыз. Президентімізге мың алғыс! – дейді сатушы Гүлнара Естекбаева.
Әрине, бұл бір адамның емес, жүз мыңдаған адамның қуанышы екені сөзсіз. Жалақының өсуі қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін ғана емес, еңбек сапасы мен өнімділігін арттыра түсетін болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ