“СөйлеTime” шақырады
Қостанайда мемлекеттік тілді үйретуді көздейтін тағы бір ерекше жоба пайда болды. "СөйлеTime" аталатын қазақ тілі клубы білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің басын біріктіріп отыр. Клубтың ашылуы Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейде өтті.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді меңгеруге ықыласы бар қостанайлықтарға мүмкіндік аз емес. Енді оның қатары "СөйлеTime" атты айрықша жобамен толығып отыр. Сөйлесу клубының мақсаты – талапкерлерді партаға отырғызып, тақтаға шығару ғана емес, олардың қазақ тіліне деген құлшынысын оятуға бағытталған еркін форматтағы қызықты да танымдық сабақтарды санаға сіңдіру.
Клубтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары, осы идеяның бастамашысы Бақыт Есімова, мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов және Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова қатысты. Клубтың тырнақалды тыңдаушылары да аз болған жоқ. Олардың қатарында өзге ұл өкілдері де, орыс тілді қандастарымыз да бар. Алғашқы дәрісті орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері оқып, қызықты ойындар өткізді. Белгілі әртіс, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан да клуб мүшелерімен тартымды сұқбат құрып, белсенді болуға шақырды. Бастапқыдан-ақ талапкерлер қазақша тіл сындырып, түрлі ойын-сауықпен көңілді де кәделі уақыт өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер аптасына бір рет әртүрлі алаңдарда өткізіліп отырады. "СөйлеTime" жобасының жетекшілерінің алға құрып отырған жоспарлары ауқымды. Қызықтың бәрі әлі алда тұр.