Жолшы – әрқашан қажет маман

Мамандық таңдау – жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар екен. Олардың бірі ежелден келе жатса, енді бірі заман талабына сай туындаған. Дегенмен, жол саласында мамандар тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Осыған орай, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы «1000 мектеп» акциясын бастаған еді.
Аталған акция барысында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қостанай облыстық филиалының басшысы мен мамандары өткен жылы қаламыздың бірнеше оқу орындары мен білім ордаларын аралап, мектеп оқушыларына ақпарат берді. Пандемия орын алған соң, мұндай кездесулер онлайн форматқа көшті.
«Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар, әр мектептен 1-2 баланы үгіттеп жолшы маманын дайындасақ, 10 жылда бұл саладағы маман тапшылығы мәселесі шешіледі. Былтыр 80-ге жуық мектептерде кездесулер өткізіп, 2 мыңға тарта баланы қамтыдық. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Жас буынның кейбірі мұндай мамандықтардан хабарсыз. Әсіресе, шалғай ауылдың балалары қызығушылық танытты. Қыз балаларға да жол саласында жұмыс табылады. Түлектер өздеріне қызықты, еліне пайдалы мамандықтар таңдаса екен», – дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қостанай облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаев.
Алшынбаевтың айтуынша, жол саласындағы мамандардың жалақысы жоғары әрі әрдайым сұранысқа ие. Өйткені елімізде жыл сайын мыңдаған шақырым автомобиль жолдары салынып, жөндеуден өтеді. Бұл мамандыққа мемлекеттік тапсырыс көлемі де аз емес. Мәселен, жыл сайын шамамен құрылыс жұмыстары мамандығына – 2600, электр энергетикасы және автоматтандыруға – 3200, көлік қызметіне – 300, жалпы жол саласына қатысты мамандықтарға – шамамен 8400 грант бөлінеді.
Асыл ҚАСЫМ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓