Бозбала ат әбзелдерін жасайды
Амангелді ауданының Үрпек ауылында ат әбзелдерін жасайтын он сегіз жастағы шебер тұрады. Аты-жөні – Нұрсұлтан Абайғалиұлы Шәкір. Жас жігіттің қолынан келмейтіні жоқ. Ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, тоқым, желдік, терлік, тартпа, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы істейді. Қамшы өрімін 8-ден 32-ге дейін жеткізеді. Жалпы, ат әбзелдерін жасауды бір жыл бұрын ғана бастапты.-Бұл менің кәсібім емес, ермегім. Бірақ сұраныс, тапсырыс пайда болғаннан кейін осы қабілетімді дамытуға мықтап кірістім. Ер-тоқым бағасы – 40 мыңнан, ал қамшы құны 5 мың теңгеден басталады. Көбінесе адамдар мал басымен есептеседі. Сол малды сатып, материал аламын, – дейді Нұрсұлтан Абайғалиұлы.
Жас шебердің қолынан тері илеп, құрым, былғары жасау, таспа тілу де келеді. Нұрсұлтанға бұл өнер атасы Шәкірден, әкесі Абайғалидан дарыған. Сол кісілердің қасында жүріп, қолөнердің қыр-сырын үйренген. Қолөнерді ноқта жасаудан бастапты.
Жас шебердің қолынан тері илеп, құрым, былғары жасау, таспа тілу де келеді. Нұрсұлтанға бұл өнер атасы Шәкірден, әкесі Абайғалидан дарыған. Сол кісілердің қасында жүріп, қолөнердің қыр-сырын үйренген. Қолөнерді ноқта жасаудан бастапты.
-Мен ат үстінде көп жүремін. Маған көбінесе ат үстінде жүргенде шабытты ойлар келеді. Өзінің реті келгенде жасалған бұйымдар ойдағыдай шығады. Бір кішкентай зат болса да, бар ынтамен жасағанда ғана нәтижесін берері анық. Біздің табыс – тұрақты кәсіп емес. Жай ғана қолөнер. Үй жағдайында сұраныс түскен кезде ғана жұмыс істейміз. Мұны үлкен кәсіп етіп ашу үшін де қаражат керек. Қажетті материалдар да жақын жерлерден табыла бермейді,- дейді Нұрсұлтан.
"Амангелді арайы" газетіндегі материал негізінде әзірленді