Жарайсың, Есбол!
Қызылорда облысында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығы тапсырылды. Жастар жылы аясында өткізілген шара Ғани Мұратбаевтың 117 жылдығына арналды. Салтанатты марапаттау рәсімі Қазалы ауданында өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға еліміздің әр түкпірінен шығармашыл, талантты жастар қатысқан. Солардың арасында 30 үміткер іріктелді. Арасында қостанайлық жас кәсіпкер Есбол Жатқанов та бар. Ол Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі және жетістіктері номинациясы бойынша Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері атанды.
– Менің де еңбегім еленіп, дүркіреген шараның куәсі болғаныма қуаныштымын. Өңір жастарының жанашыры, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке, облыстық мәдениет басқармасына алғыс білдіремін. Болашақта Қостанайды республикалық деңгейде өнер орталығы ретінде танытатын және жастарға үлгі болатын фильмдер түсіруді жоспарлап отырмын, – дейді Есбол Жатқанов.
Негізі, Есболдың облыстың спорттық және мәдени іс шараларына белсенді қатысып тұрады. Амангелді ауданының тумасы 2009 жылы А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-не оқуға түсті. Осы университеттің «Ақпараттық технология және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бакалавржәне магистрі.
– 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жыл сайын шетелдегі киноиндустрияны дамытуға бағытталған түрлі курстардан өтемін. Облысымызда қызметкерлер арасында волейбол мен футболдан бірнеше спорттық жарыстар ұйымдастырып жүрмін. 2018 жылы «Өнер Барысы» облыстық жарысынан 2 орын алдым. 2017 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінде оқып «Бизнестің жол картасы – 2020» халықаралық сертификатына ие болдым, – деп атап өтті жас кәсіпкер.
Жалпы, Есбол Жатқановтың бастамасымен 2013 жылдан бері балалар үйлеріне қолдау шарасы өткізіліп келеді. Биыл «Мектепке барар жол» республикалық қайырымдылық акциясына қатысып 10 баланы мектепке қамтамасыз еткені тағы бар. Сонымен қатар, 2019 жылы жас режиссер облыстағы алғашқы толықметражды «Кім кінәлі?!» фильмін түсіріп, кинотеатрдың экранына шығарды. Туындының негізгі мақсаты – қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін ашу. Ол мәдениет пен өнердің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін облыс әкімі Архимед Бекежанұлының құрмет грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, жастар сыйлығының иегерлерінің арасында Қостанай педагогикалық колледжінен Нұралы Арыстан есімді оқытушы да бар. Жас маманды айтулы жетістігімен құттықтаймыз!