Жаппай егу жақында басталады

Қостанай облысында Covid-19-ға қарсы халықты жаппай иммундау қашан басталатыны белгілі болды. Сәуірдің екінші жартысында өңірге көп мөлшерде вакцина жеткізілмек. Әкелінетін дозалар Қарағанды фармакологиялық зауытында өндірілген ресейлік "Спутник V" және казақстандық өнім – QazVac.
Бұл туралы бүгін, 9 сәуірде өткен брифингте Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Рүстем Айтбаев пен өңірдің бас санитар дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев хабарлады.
Олар қазір облыста вакцинация қарқыны күніне 800-ден 1200 адамға дейін жеткенін айтып отыр. Сәуірдің екінші онкүндігінде вакцинаның 45 мың 400 дозасы келгенде бұл көрсеткіш тағы да артуы мүмкін.
– Айдың басында біз 20 мың доза алған едік. Екінші, көп мөлшердегі партия жеткізілсе, халықты жаппай иммундау басталады, – деп атап өтті Ермұханбет Дәулетбаев.
Алғашқы кезекте дәрігерлер, тәртіп сақшылары мен басқа да құқық қорғаушылар, әуежайлар мен теміржол вокзалдарының, медициналық-әлеуметтік ұйымдардың қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина салдырып жатыр. Қостанай аймағында 1 ақпаннан бері 10 мыңға жуық адам егілген. Бас тартушылар көрсеткіші әзірге 0,33% болып тұр. Денсаулық жағдайына қарай 79 адам вакцина салдырмаған.
Екінші компонентті алған кез келген адам вакцинация паспортын алу үшін egov.kz порталына өтініш бере алады.
Қазіргі уақытта Қостанай облысында 31 медициналық ұйымда 62 егу кабинеті жұмыс істеп тұр, бірақ олардың саны қажет болған жағдайда 150-ге дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Рүстем Айтбаевтың айтуынша, кез келген емханада екпе алуға болады. Алайда, кейбір ұйымда вакцина көлемі шектеулі. Мысалы, Қостанайдың №1 емханасында әзірге тек халықтың бірінші кезектегі санаттарын иммундау жүргізіледі. Брифингте айтылғандай, қазір бұл мәселе пысықталуда.
Вакцина салдыруға тілек білдірушілер әзірге №2 және №5 емханаларда егіліп жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓