Жалақордың жазасы

«…облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің кесірінен біз бизнессіз және табыссыз қалдық»;
«…Нұрмұхамбетов пен оның бандасы біздің ғана емес, басқа да адамдардың бизнесін тартып алып жатыр»;
«Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбетовтің адал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алудан басқа шаруасы жоқ па».
«…облыс әкімінің білдей орынбасары рейдерлік тартып алумен айналыса ма».
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні YouTube видеохостингінің «БӘСЕ» арнасында Күлшат Болатқызы Карманова есімді азаматша Ел Президентінің атына бейнеүндеу жариялап, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты жоғарыдағы ауыр айыптауларды айтқан болатын.

5 сәуір күні Қостанай қалалық соты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің талабын ішінара қанағаттандырды. Соттың бірінші сатысы ар-намыс, абырой мен іскерлік беделге нұқсан келтірген айыптауларды жоққа шығарды. Ал жала жапқан кәсіпкер Күлшат Кармановаға 100 мың теңге моральдық шығынды өтеуді міндеттеп отыр.

– Сот арыз беруші Ғауез Нұрмұхамбетов Күлшат Кармановадан негізсіз айыптауды жергілікті «Алау» телеарнасы арқылы теріске шығарсын деген талабын ғана орындамады. Алғашқы айыптау қай ақпарат құралында жарық көрді – сол ресурста ғана теріске шығару жариялану керек. Жалпы, екі тарапқа да апелляциялық шағым түсіруге 30 тәулік уақыт берілді. Ал Қостанай қалалық әкімшілік сотында азаматша Кармановаға қатысты жала жабу төңірегінде іс қаралып жатыр, әзірге оның қаулысы шыққан жоқ. Негізінде әр азаматтың өз ойын ашық айтуға хақысы бар. Бірақ қолында дәлел-дәйегі болмай, біреуге ғайбат айтуға заң тыйым салған. Ол үшін сотта жауап бересіз. Ғауез Торсанұлы өтеліп алынған моральдық шығын қаражатын қайырымдылыққа жұмсауы мүмкін. Бұл онша көп сома емес те шығар, бірақ жағдайы төмен отбасыларға аз да болса көмек етуді жөн көріп отыр, – деді Ж.Байбазаров.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ