Қарғын су қауқар көрсетті

Көктем келсе, коммуналдық қызметкерлердің әбігерге түсетіні рас. Алайда биылғы көктем қостанайлықтарды айтарлықтай алаңдатып отыр. Газет редакциясына Тұрар есімді тұрғын хабарласып, «Аэропорт» шағын ауданындағы жағдай туралы айтып берді. Оның сөзінше, ТКШ қызметкерлері мен ПИТК арасында жұмыс жүйесі әлі қалыптаспаған.
– Қар еріп, көшелерді су басты,әкімдігіміз тағы да түк істей алмай отыр. Бұл жыл сайын қайталанады ғой. Табиғаттың тосын мінезіне неге дайын отырмаймыз? Жауапты мекемелердің салғырттығы ма, әлде олардың тарапынан алдын алу шаралары дер кезінде жасалмай ма? Осы базынамызды әкімдікке жеткізіңіздер. Тұрғындар әбден әбігерге түсті, тіпті, балаларымызды мектепке апарудың өзі мұң болды, – дейді қала тұрғыны.
Әлеуметтік желілерде осы «Аэропорт» тұрғындарының арыз-өтініштері тарап жатыр. Осы мәселені айтып, қала әкімдігінің баспасөз хатшысына хабарластық. Ол жауапты мекеме басшыларымен брифинг ұйымдастыруға уәде етті.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәжілісіне Қостанай қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин, Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысыОлжасӨмірзақов және Құрылыс бөлімі басшысының орынбасарыТамараДанильчук келді. Олар қаладағы қазіргі ахуалды баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. Мекеме басшыларына «Аэропорт» тұрғындарының базынасын жеткіздік.
– Бұл мәселе бізге белгілі. Тек қана «Аэропорт» қана емес, қаланың әр шағын ауданында осы проблема туындап отыр. Біз бір күн ішінде тұрғындардан 45-50 хабарлама аламыз. Оған «I Komek» орталығына түсетін шағымдарды қосыңызды. Қала аумағында қарды шығаруға біздің уақытымыз да, күшіміз де жетпейтінін айтқым келеді. Өз тарапымыздан қолдан келгенін жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда ПИТК күшімен 179 текше метр қар жиналып, 159 текше метрі қала сыртына шығарылды. Аула аумақтарын жинауға қаланың ПИТК-нің орта есеппен 400-ге жуық қызметкері жұмылдырылды. Бұл жұмыстар тоқтамайды, тұрғындармен қатар коммуналшылар да әбігерге түсіп жатыр, – дейді Наурызбай Мусин.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Тамара Данильчук айтқандай, «Аэропорт» аумағындағы мәселе келесі жылы шешілуі мүмкін. Өйткені мұнда еріген суды соратын станциялар салынып жатыр.
– Қазіргі уақытта «Аэропорт» шағын ауданында жоспарланған 41 үйдің 35-і салынды. Төртеуі құрылыс сатысында, тағы біреуі бойынша конкурс өткізілуде. Мұнда мердігер «Мега» ЖШС нөсер кәрізі бойынша жоба әзірледі. Бүгінде нысан пайдалануға беріліп, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көктемнің соңына дейін барлығы дайын болады, келесі жылы бірнеше сорғы станциялары мен құбырлары бар нөсерлі кәріз су тасқынын жеңуге көмектеседі. Сол себепті тұрғындардың арыз-шағымын ескеріп, проблемасын кешенді түрде шешеміз», – деді ол.
Әрине, бұл «әуежайлықтардың» мәселесін оңтайландырғанымен қаланың басқа да шағын аудандарындағы жағдай бір-екі айда шешіле қоймайды. «Юбилейный» шағын ауданында бәрі күрделі, мұнда кейбір көп қабатты үйлердің ауласына тас төселмеген. Тұрғындардың үйлеріне кіріп-шығуының өзі үлкен қиындық тудырып отыр. Олардың бар үміті – қарғын судың тезірек жерге сіңіп кетуі.
«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» демекші, апат айтып келмейді. Ауа райын болжаушылар осы апта күн жылынып, көл суы көтерілуі мүмкін екенін айтады.Сондықтан жазық даладан келетін ерінді су қала сыртындағы үйлерді, саяжайлардытағы бір әбігерге салуы мүмкін.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓