Мотошеру – Қостанайда
Астындағы «Тұлпар» атты мотокөлігімен 150-ден астам елді шарлап, Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген жиһанкез Дмитрий Петрухин Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен құттықтап, еліміздің барлық қалаларын аралап жүр. Бүгін ол Қостанайға ат шалдырды.
Тобыл жұртшылығы қонақтарды сән-салтанатымен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл мотошеру "Қазақ хандығының" торқалы тойын ұлықтау үшін, Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімшіліктері және Астана мен Алматы қалаларының қолдауымен, 25 тамыз күні ұйымдастырылған. Мәресін оңтүстік астана -Алматы шаһарынан алған.
«Қазақстанның географиялық қауымдастығының» Президенті Дмитрий Петрухин Ұлы Даланың әсіресе тарихи орындарының бірін де қалдырмай түгендеп, тәу етіп келеді. Тарихы тереңге тамыр жіберген Қостанай даласын да ерекше бағалап өтті саяхатшы.
Барған жердің өзіңдік ерекшеліктерімен танысып, халқымен етене қарым-қатынасқа түсіп, жергілікті БАҚ-мен сұхбаттасып жүр. Тұрғындарға арнайы жалаушаларды таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлау – шерудің басты мақсаты. Айтылатын негізгі мәселе Керей мен Жәнібек хандар құрған хандықтың мән-маңызы, содан арна тартып жатқан арда тарихтың бүгінгі рухани келбетімізден көрініс табуы.
Алматыдан бастау алған мотошеру бізге Көкшетаудан келіп отыр. Қостанайдан кейнгі аялдама Ақтөбе қаласы болмақ. Темір тұлпар шабандоздары мотосапарларын Тараз қаласынан аяқтамақ. Сол жерде Елбасымызға елдің әр қиырына көрсетілген Қазақ хандығының 550 жылдығының туын табыстайды.
Бұл оқиғаны 9-шы қазанға жоспарлап отыр Дмитрий Петрухин.
Әйгілі жиһанкез барлық облыстарға үлестіріп келе жатқан мерекелік туды қостанайлықтарға да естелікке тарту етті. Мейман күтушілер де оған өңірдің тарихынан сыр шертетін кітаптар сыйға берді.
Осылайша, ол Тобыл өңіріне қайта оралатынын айтып, қостанайлықтармен қимастықпен қоштасты. Бүгінгі ауа-райы қалай шырайлы болса, тұрғындардың пейілі де сондай екенін айтып, лебізін білдірді. Естелік суреттерге түсіп, темір тұлпарын "тақымға теуіп", саяхатын әрмен жалғастырды.
Жолың болсын, Петрухин!
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор