Тамырластық тұғыры
«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атауымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті, деп хабарлайды akorda.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта ұйымдастырылған кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедов және Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан, сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.
Түркі әлемінің алтын бесігі
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұсынысын қабыл алып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысуға келісім берген Мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді.
– Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін, – деген Қ.Тоқаев барша қатысушыларды күллі түркі жұртының төл мерекесі Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, бауырлас елдерге бақ-береке тіледі.
Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қарашаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратты, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды.
– Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанына тоқталды.
Қауіптің бетін қайтарудың жолы – вакцина
Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті. Пікірінше, індетті тоқтатудың басты жолы – азаматтарды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету. Бұл орайда ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, Түркітілдес мемлекеттер бір-бірін қолдауы қажет. Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмағанын, негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кеткенін айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алған жоқ. Сондықтан осындай кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бауырлас елдердің байланысы зор
Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен.
– Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Су-энергетика саласы өзара байланыстардың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені, су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Сондай-ақ, трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану – өңірдегі елдердің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлесе отырып гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы технология қазіргідей жылдам дамып жатқан дәуірде бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл ретте Қазақстан электрондық үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық технологиялар мен цифрлық шешімдер төңірегіндегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты.
Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету өте өзекті мәселенің бірі. Бұл Түркітілдес мемлекеттерге ортақ алғашқы қаржы институты болмақ.
– Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Болашақтың кілті – білім-ғылымда
Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Қазақстан бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайын. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады.
Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатыр, ал іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһары археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп. Бұл Қазақстан Президентінің ұсынысы.
Ал Кеңестің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келді. Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар.
Бейресми саммиттің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.