Індетті тізгіндеу – өз қолымызда
Жылдан астам уақыт бойы адамдарды қалыпты өмірден ажыратып, дегбірін алған пандемиямен арпалыс, өкінішке қарай, әлі де жалғасуда. Жасырынбақ ойнағандай, біресе бәсеңдей түсіп, енді көңіліміз жайлана бастаған тұста тағы да екпін алып, көпшілікті әлі де алаңдатып отырғаны рас. Дегенмен де халық қалың бұлттың сейіліп, жарқырап күннің көзі шығатынына сенетініндей, бұл қауіпті дерттің де шегініп, шуақты күндер туатынына сенеді. Саулықтың сақтықта екенін түсінетін жандар барлық талаптарды орындап, індеттің өзіне де, өзгелерге де жұқпауын қатаң ұстанып жүр. Бұлай деуім негізсіз емес, менің Р. есімді көрші әріптесім көшеге шыққанда, әрдайым бетпердесін тағып, үйге кіргенде қолын мұқият жуып, тіпті антисептик пайдаланатынын да айтып отырады. Біраз уақыт таза ауада серуендеп, иммунитет көтеруді әдетке айналдырғаны да өзгелерге үлгі болғандай.
Иә, әзірге ырыққа көнбей тұрған індетті тізгіндеу өз қолымызда. Пандемиядан сақтанудың жолдарын бүгінде еңбектеген баладан еңкейгін кәріге дейін жатқа біледі. Әйтсе де санитарлық талаптарды бәрі бірдей орындай бермейді. Инфекцияның таралуын тежеу үшін, базалық талаптарды қатаң ұстану қажет. Карантин сәл босаңсып еді, түк болмағандай, еркінсіп кеттік. Жасырын той-домалақ көбейді. Жаңалықтардан күнде көріп, естіп жүргеніміздей, кейбір өңірлер қайтадан «қызыл аймаққа» еніп отыр Бар кілтипан сақтық шараларын ұстанбағаннан деп ойлаймын.
Әлем ғалымдары мен көрнекті дәрігерлері инфекцияны ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакциналау екенін алға тартып отыр. Екпе жасауға еліміз де кірісіп кетті. Қайырын берсін делік. Әйтеуір, қауіпті саналатын аталмыш індетпен күрес жалғасуда. Алдағы күндерге үмітпен қараймыз. Әсіресе, жеткіншек балаларымыз аман болса екен дейміз. Оқушыларымыз төртінші тоқсанды мектепте жалғастырады деген көптен күткен жағымды жаңалы – қуанышымыз ұзағынан болғай!
Биалаш Сүйінкина,
Қостанай педагогикалық колледжі.