Қаржыны игеру қатаң бақылауда болады
Облыстағы кейбір кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларды дер кезінде орындамайды. Әңгіме коммуналдық қызмет көрсететін кейбір мекемелерге қатысты болып отыр. Заңды белден басқан осындай келеңсіздіктің кесірінен қарапайым тұтынушылар зардап шегеді. Бұл туралы облыс әкімі А.Мұхамбетовтың жетекшілігімен өткен кезекті аппарат мәжілісінде егжей-тегжейлі сөз болды.
Үстіміздегі жылы табиғи монополия нысандарына 9 млн.теңге көлемінде айыппұл салынған. Облыстық табиғи монополияларды реттеу Департаментінің жетекшісі Мәлік Мадьяровтың айтуынша, кәсіпорындар 44 заң бұзған. Биылғы тоғыз айдың өзінде мұндай кереғар көріністер өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайыпты.Ал салынған айыппұл көлемі жиырма есеге өскен.
Табиғи монполияларды реттеу департаментінің ұйғарымынан кейін жүргізілген тексерулердің нәтижесінде кәсіпорындар тұтынушылар алдындағы 2 млн.теңгедей шығынды өтеді. Өйткені, табиғи монополиялар субьектілері инвестициялық бағдарламаларды орындауға құлықсыз. Былтыр дәл осы жағдайға қатысты үш дерек тіркеліпті. Нәтижесінде кәсіпорындарға 1 млн.896 мың теңге болатын компенсациялық тарифтер белгіленді.
-Мәселен, «Қостанайюжэлектросервис» ҚМК 2014 жылы инвестициялық бағдарлама шеңберінде Аманкелді ауданындағы қосалқы бекетке есептегіш қондырғыларын орнату жоспарланған. Алайда, бұл жұмыстар толық жүзеге асқан жоқ,-дейді Мәлік Мадьяров.
Осындай келеңсіз жәйт тарифтік сметаларды орындау барысында да кездеседі. 2014 жылғы осындай заңсыздық әрекеттерінің салдарынан тұтынушылардың 54 млн.теңгеден астам шығынын өтеу үшін биыл уақытша үш компенсациялық тариф енгізілді.
Жалпы, өңірдегі коммуналдық кәсіпорындарға қосымша инвестиция көздерін қарастыру керек. Бұл негізі шарасыздықтан туындап отырған мәселе. Алайда, басқа жол тағы жоқ. Облыстағы коммуналдық жүйелердің 70%-ы көнерген. Ал оны жөндеуге , ұстап тұруға бюджеттің ақшасы жетімсіз.
-Жақын-жуықта ешқандай қаржы бөлінбейді. Тек қана халықаралық қаржы ұйымдарын тарту және инвестициялық бағдарламаларды игеру арқылы тығырықтан шығуға болады. Бірақ, «алмақтың да салмағы болатынын» ұмытпаған жөн. Арқаны кеңге салатын кезеңдер өткен. Қазір кез келген инвесторлар салған қаржының қайтарымына қарайды. Осы жағын елеп-екшеу қажет,-деді облыс әкімі. Облыс басшысы биылдан бастап инвест.жобаларды жүзеге асыру және бөлінген қаржыны игеру мәселесі қатаң бақылауда ұсталатындығын айтты.
Айбек КӘДІРҰЛЫ