Қостанайда оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды

«Ел Үміті» бастамасын іске асыру аясында Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры 2020 жылдың шілде айында балалар мен жастарға арналған «Елбасы медалі» жаңа жобасын іске қосты. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысты.
Бүгін Қостанайда елеулі жетістікке жеткен 17 дарынды оқушыға Елбасы медалін облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова табыс етті. Дарынды шәкірттерді марапаттау рәсімі «Озат» ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде өтті.
«Облыста барлық оқушылар үшін тең бастама мүмкіндіктерді құру міндеті шешілуде. «Елбасы Медалі» біздің жастарымыз үшін табыс пен өзін-өзі іске асыру жолындағы маңызды қадам болмақ», – деді Зәуре Әнуарбекқызы.
Оның айтуынша, былтырдан бастап 11 мың бала «Елбасы медалі» жобасына қатысқан. Оның ішінде 500-ден астамы Қостанай облысының оқушылары мен студенттері.  Мұнда әр балаға жеті бағытта тапсырмалар беріледі: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Әр қатысушыға арнайы тәлімгер белгіленеді.
Бүгінде 3500-ден астам үміткер қола деңгейді аяқтады. Оның ішінде республикалық комиссия шешімімен Тобыл өңірінен 239 қатысушы «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен марапатталуға ұсынылған болатын.
«Елбасы медалі бағдарламасына қатысу қабілетімді дамытып, шеберлігімді шыңдауға ерекше стимул берді. Менің жетістікке жете алатындығымды және маған жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қиындықтарды жеңуді үйретті. Бұл бағдарлама алдына мақсат қойған жастарды ынталандыруға және бағытталғандықтан алты ай ішінде түрлі бағыттар бойынша жұмыстар атқардым. Спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлікпен айналысу арқылы өз уақытымды тиімді пайдалануды және өз алдыма мақсат қойып, соған жете білуді, өз-өзімді дамытуды үйреттім. Әртүрлі кітаптар оқу арқылы рухани жан-дүниемді байыттым. Бағдарлама барысында салауатты өмір салтын ұстану арқылы спортпен айналысуды күнделікті әдетке айналдырдым,- деп бөлісті Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы,  қола медаль иегері Айзат Ибжарова.
Салтанатты жиында оқушылармен қатар, «Психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының» директоры Елена Петренко, Қостанай қаласы балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Наталья Зубко, Қостанай ауданы Балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы Ләйла Оспанова сынды ұстаздар қосымша білім беру саласындағы ерекше қызметі үшін марапатталды.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓