«Жерді тиімді пайдаланғанда ғана ел игілігіне жарайды»

«Олжа Агро» агрохолдингінің бас директоры Айдарбек Ходжаназаров Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында айтылған мәселелер туралы пікір білдірді.
Біз жер комиссиясын құру идеясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін беруге толық тыйым салу туралы шешімін толық қолдаймыз. Жер – еліміздің байлығы.
Ұланғайыр даламызда шағын, орта және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары да табысты жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын фермерлер заманауи әдістерді қолдануға, тиімділігін арттыруға тырысып келеді. Жермен жұмыс істеу керек. Сонда ғана жақсы нәтиже алуға болады. Қазақстан жері өте құнарлы және мол өнім бере алады. Бірақ жеріміздің әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқпыз. Мысалы, Қазақстанда ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 5%-ды құрайды. Ал Беларусьте бұл көрсеткіш 8%, Украинада – 12%, Өзбекстанда – 30%. 1990 жылдың өзінде Қазақстанда ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 34% болған. Жылдар бұл көрсеткіш төмендеп кетті. Мұның себебі – жерді тиімсіз пайдалану. Сондықтан біз жер комиссиясын құру идеясын және жеріміздің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік және қоғамдық бақылау бастамасын толық қолдауға тиіспіз.
Жерді жеке меншікке беру мәселесін біз өте өзекті мәселе деп санаймыз, оған асықпаған жөн. Кәсіпкерлер жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренуі қажет. Жерді жеке меншікке алған кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, ел игілігі үшін жұмыс істеп, жердің әлеуетін барынша пайдалануы керек. Жалпы, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ең тиімді шарасы ұзақ мерзімді жалға беру деп есептейміз.
Осы ретте «Олжа Агро» компаниясының тәсілдері туралы қысқаша айтып кеткім келеді. Биыл біз бірнеше жылға есептелген «1000 отбасылық ферма» бағдарламасын қолға алдық. «Олжа Агро» ұсақ фермерлерге мал шаруашылығы базасы түрінде тауарлық несие және фермердің бір отбасына 100 аналық ірі қара мал басын береді. Сондай-ақ, біз фермерлерді азық-түлікпен, техникамен және ветеринарлық көмекпен қамтамасыз етеміз. «Олжа Агро» агрохолдингінде шамамен 300 мың га жайылым бар, оны біз бағдарламамызға қатысқан фермерлерге мал жаю үшін бөлуге дайынбыз.
Қазір елімізде жайылымдарды ұзақ мерзімге жалға алып, оны тиімді пайдаланбай отырған ірі шаруа қожалықтары бар. Ал шағын фермерлердің малы болғанымен, жаятын өрісі тар. «Олжа Агро» өзінің үлгісімен ірі агрокомпаниялардың шаруаларға көмектесу тәсілін көрсетіп отыр.
Қазақстанда жайылым алаңы 186 млн га, АҚШ-та – 265 млн га. Қазақстанда ірі қара мал басы шамамен 7 млн, ал АҚШ-та – 94 млн басқа жетеді. Бізде қаншама жайылым болғанымен, алқаптарда ірі қара мал басы өте аз екенін көріп отырмыз. Елімізде мал шаруашылығын дамыту әлеуеті өте зор. АҚШ-та мал шаруашылығы саласы ұсақ фермалардың ірі компаниялармен ынтымақтастығына негізделген, АҚШ-тағы барлық шаруашылықтарының 97%-ы шағын отбасылық фермалар. Бірлескен күш-жігерді, қолда бар ресурстарды біріктіріп, тізе қосып жұмыс істегенде ғана ауыл шаруашылығын дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓