Армандар орындалатын мекен
Елорда – ел Тәуелсіздігінің перзенті, егемендіктің символдық бейнесі. Оны Алаштың алтын тәжі деп бағалайтынымыздың мәні сонда. Бұл әсем шаһар – қаймана қазақтың мақсат-мұраты мен қалау-тілегінің тоғысқан ордасы, жас буынның жасыл желекті қаласы, армандар орындалатын мекен.
Мен Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына 2019 жылы 18 желтоқсанда отбасыммен көшіп келдім. Содан бері тағдыр-талайым осы қалада мәнді де сәнді жалғасуда. Қазіргі уақытта "КТК" телеарнасының "Елорда" бюросының тілшісі болып қызмет етудемін.
Ең бастысы, елорда еркелікті көтермейді. Қай саланы алып қарасаңыз да, бәсекелестік қыз-қыз қайнайды. Талай жердің тотайы болсаң да, алты атыраптың алғырымын десең де, әйтеуір өзіңнен бір төбе биігі табылады мұнда. Сондықтан, қала-қалама, бұл шаһар жігеріңді қамшылап, өзіңмен жұмыс істеуге, мендігіңмен күресуге желкелейді. Сонысымен қымбат, қадірлі! Мерейтойыңмен, бас қала!
Нұрқанат Бұқабаев,
"КТК" телеарнасының "Елорда" бюросының тілшісі