Үкімет басшысы Қостанайда
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапары аясында автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Үкімет басшысы «KIA Motors Ресей және ТМД» ЖШҚ президенті Ким Джин Хамен бірлесіп, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында KIA өндірістік желісінің ашылу рәсіміне қатысты. Жоба шеңберінде жылына 20 мың KIA автомобильдерін шығару жоспарланған. Өнімді оқшаулау деңгейі шанақтарды дәнекерлеу және бояу операцияларын қоса алғанда, ұсақ торапты өндіріс технологияларын қолдану арқылы 50%-ға дейін арттырылатын болады.
«Автомобиль жасау Қазақстанның индустриялық дамуының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі және ол жыл сайын оң динамиканы көрсетіп келе жатыр», — деді А. Мамин.
Айта кетейік, жаңа желі KIA Rio, KIA Picanto, KIA Cerato, KIA К5, KIA Seltos, KIA Sportage, KIA Sorento және KIA Soul модельдерімен ұсынылған. 2022 жылдан бастап оларға КIA Stinger, KIA Carnival және KIA K900 модельдерін қосу жоспарлануда. Жоба Kia Motors Corporation-мен өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жүзеге асырылды.
«Біздің дамуымызда ТМД елдерінің нарығы маңызды рөл атқарады, соның ішінде Қазақстан одан әрі өсу үшін неғұрлым басым өңірлердің бірі болып отыр», – деді «КИА Моторс Ресей және ТМД» ЖШҚ президенті Ким Джин Ха.
Бірлескен өндіріс KIA-ны ел нарығындағы ең қолжетімді автомобильдердің біріне айналдырады. Бұл Еуразиялық банкінің арнайы кредиттік бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Аталған көліктің жаңа иелері өндіруші зауыттың 5 жылдық немесе 150 000 шақырым жүрілімі бар бірегей кепілдігіне ие болады.
Бұдан соң Премьер-Министр «KamLitKZ» шойын құймасын өндіру зауытының құрылыс барысымен танысты. Құрылыстың бірінші кезеңін 2021 жылдың қазан айында, екінші және үшінші кезеңдерін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның құны 80 млрд теңгені құрайды. 300 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалық қуатына қол жеткізген соң өндірісте К5 жаңа үлгідегі жүк көліктеріне арналған жетек картерлері, цилиндр блоктары мен қозғалтқыш цилиндрі блоктарының бастиектері шығарылып, жалпы көлемі жылына 40 мың тоннадан астам шойын құймасын құрайтын болады. Жобаны іске асыру Қазақстанды «КАМАЗ» ЖАҚ жеткізушілерінің жаһандық технологиялық тізбегіне енгізеді — өнімнің 95%-ы экспортталмақ.
Үкімет басшысы ҚР аумағында шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасындағы қазақстандық қамту деңгейін едәуір арттыруға бағытталған «АгромашХолдинг» АҚ оқшаулау орталығында да болды.
36 мың шаршы метр аумақта металды лазермен кесуге, майыстыруға, сырлауға және дәнекерлеуге, пластик бұйымдарын, интерьер бөлшектерін, конвейерлік құрастыруға және т.б. арналған автоматтандырылған желілер орнатылған. Бұл жабдықтар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржы құралдары арқылы сатып алынды. Жақында оқшаулау орталығында ауыл шаруашылығы техникасына арналған компоненттердің 1200-ден астам атауы, сондай-ақ «Кировец», «Essil», «Lovol», «Pottinger», «Deutz-Fahr», JAC, Chevrolet брендтерінің және т. б. автомобиль өнеркәсібі атаулары шығарылатын болады.
Жалпы ақпарат үшін тілге тиек етер болсақ, 2020 жылы елімізде өндірілген техниканың жартысынан астамы Қостанай зауытына тиесілі. 40 050 көлік шығарылған.
Премьер-Министр «КАМАЗ», «Татнефть», «АвтоВАЗ» және «KIA Motors» компанияларының басшылығымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жергіліктілендіруді арттыру мәселелері «Петербург трактор зауыты» АҚ, беларустік «Гомсельмаш» ААҚ және италиялық «SDF Group» басшылығымен кездесулерде қаралды. Келіссөздер соңында А.Маминнің қатысуымен автомобиль жасауда бірлескен жобаларды іске асыру үшін 9 құжатқа қол қойылды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр өңірдегі АӨК, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында іске асырылып жатқан жобалармен, сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту жайымен танысты.