Сұлуландыра түседі
Дана халқымыз «Адам көркі – шүберек» деп бекер айтпапты. Ал әйел затының өзіне ықшамды қызылды-жасылды киініп жүргеніне не жетсін! Әсіресе, заманауи үлгіде тігілген ұлттық киімдеріміз қыз-келіншектердің үстінен табылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Ұлттық киім – ұлттың болмысы, тәрбие мен өнеге бастауы.
Қостанай облысының іскер әйелдер ассоциациясы «Ұлттық киім – сәніміз» атауымен ұлттық киімдер челленджін бастап отыр. Бұл шараға Sultan сән үйінің басшысы әрі облыстық іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі Мәлика Төлемісова бастамашы болып отыр. Мәлика Ғалымжанқызы «Жас қанат» жастар қанатының қыздарын және ассоциация мүшелерін шақырып, ұлттық киімдер киіндіріп, фотосессия жасатыпты. Қазір бұл суреттер топтамасынан жеке видео ролик әзірленіп, ол бейне көрініс Мемлекет басшысының Наурыз мерекесін өткізу тұжырымдамасында бекітілген 18 наурыз – «Игі істер күніне» орай Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет үйінде қойылып отыр. «Игі істер» деп аты айтып тұрғандай, бұл күні қайырымдылық концерті өтті.
– Алматыда Тұңғыш Президент Қоры мен Іскер әйелдер ассоциациясының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы өткен болатын. Онда облысымыздан екі адам жеңімпаз және жүлдегер деп танылды. 18 наурызда жеңімпаздарымызды марапаттау рәсімі өтті. Бір жағы күрделі отаға мұқтаж 3 жасар Ясмин есімді бүлдіршінге 6 миллион теңге қаражат жинау мақсатында концерт ұйымдастырдық. Айта кетейік, қайырымдылық шарасы жайында хабарландыру берілген күннен бері 1 миллион теңге жиналды. Қалғаны билеттен, шараға келген кәсіпкерлер мен жомарт жандардың қаржысынан толығып қалады деген үміттеміз, – деді облыстық іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, кәсіпкер әрі қайырымдылық шараны ұйымдастырушы Гүлсара Жаманқұлова.
Гүлсара Мырзабекқызы ұлттық киім киіп, жалпыхалықтық сипатта челлендж ұйымдастыру алғаш рет өткізіліп отырғанын айтты. Әрі бұл бастаманы облыстық өлкетану мұражайы қызметкерлері қабыл алуға әзір екен.
Суретке түсірген Анастасия Корпушевская.