Ризығы мың аймен бара-бар түн!
Бүгін, яғни шілденің 13-нен 14-не қараған түні мұсылман қауымы қасиетті Қадір түнін күтеді. Ризығы мың айдан артық саналатын бұл түні жасалған құлшылық 83 жыл жасаған мінәжат сауабына татиды делінеді. Адамзаттың әсыл тәжі – Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбар: «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны»,-дейді.
Дінге ұйыған мүмін жұртшылығы осынау қастерлі әлеттің сауабын алмаққа мешітке бас сұқса пейіл. Қалалық мешіттің найб-имамы Дайыр Дүйсен де Қадір түнін Аллаһ үйінде күткеннің артықшылығы мол екенін айтады.
-Тарауық намазынан соң түнгі 1.30-дан 2.00-ге дейін жиылған жамағатқа ғибратты уағыздар айтылады. Бұдан кейін көпшілікпен Тасбих намазы оқылмақ. Ал, 2.30-да таңғы сәресі асы беріледі. Әрі қарай таң намазы жалғаспақ. Асылы, Қадір түнін мешітте көпшілікпен қарсы алғанның артықшылығы көп. Тағаланың нұры түскен, дұғалар қабыл етілетін жерде қасиетті түнді өткергеннің абзал екенін ескерген жөн,-дейді найб-имам.
Жандос Жүсіпбек