«Тарихи Торғай» – ел шежіресі
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты «Тарихи Торғай» аталатын Қазақстанның құрметті журналисі Әмірхан Абдуллиннің ел шежіресі кітабын шығарды. Бұл институттың тұрақты жалғастырып келе жатқан ел тарихы, оның әдебиет қайраткерлері туралы сериялы шығармаларының жалғасы.
Кітаптағы Торғайдың іргетасының қаланатын кезеңінен басталатын бөлімін «Торғай бойындағы «Орынбор» бекінісі» десе, 1916 жылғы көтеріліс «Қаққан алғаш дабылды» аталып, Торғайда Кеңестік кезеңнің орнауымен: «Үрей мен Үміт жылдары» болып сабақтасады. Аудан еңбекшілерінің ерлік пен ынтымаққа толы, қайсарлық танытқан жылдары: «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» аталады. Торғай тұрғындары соғыс жылдары сырттан азық-түлік алдырмаған, шығыр салып, тары өсіріп күндерін көрген, мал сойылмаған. Кереметі – соғыс жылдары мал басы өз төлі есебімен өскен. Майдандағыларға да тонналап ет, жүн, киім жіберіліп тұрған. Соғыстан кейінгі жылдары майдан шеті тұрғындарына табын-табын ірі қара айдалды. Ер танылып еңбегі жанғандар туралы бөлімді: «Еңбегімен өрнектеген өмір» атаған. Торғайдан соғыстан кейінгі жылдары бес Еңбек Ері шыққан.
Коммунистер есімі Торғайда ертеден етене жақын. Бесқопа жері «Аралтөбеде» 1925 жылы томай ағайындар цехтық партия ұйымын үйымдастырған, ұйым төрағасы Илияс Бәйменов болған. Әліби Жангелдин 1915 жылдан, Қанапия Қайдосов 1917 жылдан, Аманкелді Иманов пен Кәкімбек Токин 1918 жылдардан партия мүшелігіне кіреді.
Бүгінде Торғайда бес бірдей мұражайлар кешені жұмыс істейді. Тарихи қаланың алаңы да Шақшақ Жәнібек атында, онда мәңгіге орын тепкен Боздақтар белгі қорымы, соғыстан оралмағандар белгі шырағы және Жастар алаңы бар. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық, Әліби Жангелдиннің Ерлік даңқ, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың әдеби, Шақшақ Жәнібек батырдың панорамалық дыбысты, суретті мұражайы бар. «Торғай – мұражай қала» атануы да сондықтан. Бұл атауға «Нұрхан Ахметбековтің мұражай үйі" де қосылады. Кітаптың негізгі бөлімін – «Торғай–Қостанай» болып қорытындылайды.
Нақты тарихи деректерге құрылған шағын әңгімелер топтамалары: «Аманкелді-Әліби туралы әңгімелер», «Ахаң-Жақаң – қос арыс» болып, қазақ халқының танымал тұлғалары Аманкелді мен Әліби, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туралы тарихи, шағын деректер балаларға арналған жалпақ үлгіде, түрлі түсті әңгіме – кітапшаларға сұранып тұрған шығармалар. Осылай жалғаса беретін тақырыптар елге еңбегі сіңген тұлғалардың суреттерімен қатар, тарихи тұлғалардың ұрпақтары Тоқтағали Әлібиұлының, Шолпан Ахметқызының, Гүлнәр Міржақыпқызының суреттерімен толыға түседі.
Гүлбану СӘРСЕКЕЙ,
Торғай мұражайлар кешенінің директоры.